Жасанды интеллект және еңбек нарығының болашағы: ҚазҰУ ғалымдары Еуропалық білім беру қорының халықаралық вебинарына қатысты — ҚазҰУ

Жасанды интеллект және еңбек нарығының болашағы: ҚазҰУ ғалымдары Еуропалық білім беру қорының халықаралық вебинарына қатысты

9 қараша 2026
Жасанды интеллект және еңбек нарығының болашағы: ҚазҰУ ғалымдары Еуропалық білім беру қорының халықаралық вебинарына қатысты

2026 жылғы 9 қарашада Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері Еуропалық білім беру қоры (European Training Foundation — ETF) ұйымдастырған «Жасанды интеллекттің еңбек нарығына ықпалы: бүгінгі таңда белгілі деректер» және «Жасанды интеллект дәуіріндегі дағдылар ландшафтының өзгеруі» тақырыптарындағы халықаралық сараптамалық вебинарға қатысты.

Вебинар спикерлері Мирела Гавочи мен Кристиан Раиляну заманауи жасанды интеллект (ЖИ) технологияларының жаһандық еңбек нарығына, жұмыс орындарының трансформациясына және білім беру саласына әсері туралы ауқымды зерттеу нәтижелерін ұсынды. Зерттеу қорытындысы көрсеткендей, қазіргі уақытта ЖИ тарапынан орын алып жатқан жаппай жұмыссыздық қаупі байқалмайды. Дегенмен, бұл технологиялар кәсіби міндеттерді автоматтандыру, толықтыру және қайта ұйымдастыру арқылы бұрыннан бар мамандықтардың мазмұнын түбегейлі өзгертуде.

Сарапшылар ЖИ технологияларына бейімділік пен комплементарлық деңгейіне байланысты мамандарды бірнеше топқа бөлді. Әкімшілік қызметкерлер мен аудармашылар сияқты кәсіптер автоматтандыру тәуекелі жоғары топқа жатса, дәрігерлер мен судьялар ЖИ құралдарын өздерінің кәсіби шешімдерін толықтыру үшін тиімді пайдалануда. Сонымен қатар, ЖИ-ді бағдарламалауда, мәтіндер жазуда және клиенттерге қызмет көрсетуде қолдану қызметкерлердің өнімділігін 15%-дан 56%-ға дейін арттыратыны дәлелденді.

Халықаралық сарапшылар ЖИ дәуіріндегі дағдылар иерархиясын үш деңгейге бөлді:

  1. Жоғары деңгей (1%-дан аз): ЖИ модельдері мен платформаларын әзірлейтін ғылыми-инженерлік мамандар;

  2. Орташа деңгей (~5%): Денсаулық сақтау, өнеркәсіп, білім беру мен қаржы саласында ЖИ жүйелерін енгізетін қолданбалы мамандар;

  3. Базалық деңгей (барлық жұмыскерлер): ЖИ құралдарын күнделікті жұмыста сыни тұрғыдан бағалап, пайдалана алатын сауатты мамандар. Дәл осы «ЖИ-сауаттылығы» (AI Literacy) цифрлық замандағы «жаңа жүргізуші куәлігі» іспетті базалық дағдыға айналып отыр.

Аталған халықаралық іс-шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) жүзеге асырумен тығыз байланысты:

  • 4-мақсат: Сапалы білім — білім беру бағдарламаларына ЖИ-сауаттылығын, сыни ойлау мен аналитикалық дағдыларды интеграциялауды көздейді;

  • 5-мақсат: Гендерлік теңдік — STEM және АКТ салаларындағы гендерлік алшақтықты жоюға және алгоритмдік жүйелердегі дискриминацияны болдырмауға бағытталған;

  • 8-мақсат: Лайықты жұмыс және экономикалық өсу — еңбек өнімділігін арттыруға және жұмыс орындарын қауіпсіз әрі мазмұнды трансформациялауға жағдай жасайды;

  • 17-мақсат: Мақсаттар жолындағы серіктестік — Еуропалық білім беру қоры сияқты халықаралық ұйымдармен сараптамалық және ғылыми-әдістемелік ынтымақтастықты нығайтады.

ҚазҰУ ғалымдары мен оқытушылары алған білімдерін университеттің оқу процесіне, білім беру бағдарламаларын жаңартуға және студенттердің цифрлық құзыреттіліктерін арттыруға белсенді түрде енгізуді жоспарлап отыр.