ҚазҰУ ардагерлер мен жастар арасындағы қарым қатынастарды нығайтуда
Құрамында 205 мың зейнеткері бар 8 аудандық Кеңес пен 663 бастауыш ұйымның басын біріктіріп отырған Алматы қалалық ардагерлер Кеңесі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасында 2011-2015 жылдарда атқарылған жұмыстарға IX есеп беру-сайлау конференциясын өткізді.
Осы жылдар аралығында зейнеткерлер саны 32 мыңға, зейнетақының орташа мөлшері 13817 теңгеге артты және арнайы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері де ұлғайды. Оны зейнеткерлердің 70%-ы алады.
Конференцияға орай қалалық бюджет есебінен жүзеге асып отырған 12 әлеуметтік бағдарлама туралы және құрылымдық өзгерістер жайлы, сонымен қатар егде жастағы азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету, зейнетақы мөлшері мен әр жылға бөлінген мемлекеттік жәрдемақы хақындағы анықтамалық әзірленген.
Іс-шара барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов Ұлы Отан соғысының қатысушылары, Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері Зекен Әділбековті, Михаил Грибановты, Леонид Гриш пен Зұлхарнай Сейітовті «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға 80 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапаттады. «Құрметті ардагерлер! Сіздер қайтпас қайсарлықтарыңызбен, қажырлы еңбектеріңізбен Тәуелсіз Қазақстанның тарихына алтын әріптермен бедерленетін талай оқиғалардың басықасында болдыңыздар. Бұл марапатты Сіздер тәрбиелеген ұрпақтың Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне деген құрметі мен алғысының белгісі ретінде қабыл алуларыңызды сұраймыз», - деді Ғалым Мұтанұлы. ҚазҰУ 5 жылдан бері "Өнегелі өмір" сериясынан қоғам алдында, білім мен ғылым саласында үлкен еңбек сіңірген жазушылар, ғалымдар мен ұстаздар туралы кітап шығаруда. "Сондай-ақ, университеттің құрметті ақсақалдарының жастарға арналған "Аманат" атты көп сериялы жинағы шығарылады. Осы арқылы ардагерлер мен жастар арасындағы қарым қатынастар нағайып, бағасы жоқ өмірлік тәжірибе беріледі",- деді ректор Ғалым Мутанов сөзін қорытындылап.
Конференция жұмысында «Қазақстан 2050» стратегиясы аясында 100 нақты қадам мен Ұлт жоспары Бес институционалдық реформаны жүзеге асыруда жастарды толерантты және Қазақстан патриоты ретінде рухани-адами қасиеттерге тәрбиелеуде ардагерлер ұйымдарының қатысуы талқыланды.
Ардагерлер кеңесінің IX есеп беру-сайлау конференциясына қатысқан Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев 5 жылда бір рет өтетін аталмыш іс-шараның қала өмірінде сөзсіз айтулы оқиға екеніне тоқталды: «2011-2015 жылдар аралығында ардагерлер кеңесі орасан зор жұмыстар атқарды. Елбасының саясатын қолдау мен оны жүзеге асыруда ұйым әрқашанда алдыңғы қатарда келеді», - деп атап өтті Арман Қырықбаев.
Конференцияға Ардагерлер ұйымының Республикалық Орталық Кеңесінің, қалалық және аудандық әкімдіктердің, қалалық басқармалардың, бөлімшелер мен қызметтердің басшылары, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері, соғыс және тыл ардагерлері, концлагерь тұтқындары, Ленинград қоршауында болғандар, ҚР сіңген ерең еңбегі үшін зейнетақы алатын дара зейнеткерлер қатысты.Конференция соңында Президиум мүшелерін және Алматы қалалық ардагерлер Кеңесінің басшысы мен оның орынбасарын тағайындаған ұйымдық алқалы жиын өтті.