Герольд Бельгер - қазіргі заманның нағыз кейіпкері - А. Темірболат - KAZINFORM.KZ

2 сәуір, 2016

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазіргі заман кейіпкері. Герольд Бельгер» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Оның жұмысына «Литературная Алма-Ата» альманағының редакторы Райхан Бектемісова, белгілі жазушы Владимир Васильев, Герольд Бельгердің жесірі Раиса Хисматуллина, бірқатар қоғам қайраткерлері, ғалымдар, докторанттар, магистранттар және студенттер қатысты. «Өскелең ұрпақты үлгі тұтар тұлғасыз тәрбиелеу қиын. Біздің ойымызша Герольд Бельгер - қазіргі заманның нағыз кейіпкері, қаhарманы. Өйткені, ол ұлты басқа болса да жүрегі қазақ деп соққан жазушы болды. Көзі тірісінде талай қоғамдық мәселелерге үн қосты. Солардың ішінде қазақ халқы мен қазақ тілінің тағдыры оны қатты мазалайтын», - деді өз сөзінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Алуа Темірболат. Сонымен қатар, Алуа Берікбайқызы Герольд Бельгердің туындыларын терең философиялық, психологиялық және этикалық шығармаларға жатқызуға болатындығын айтты.  «Жазушы өз шығармаларында философиялық тұрғыдан ойлана отырып, психологиялық және этикалық мәселелерді көтерді. Оның кейіпкерлері қашанда көп ойланатын, іштей толғанып жүретін адамдар. Адам қандай болуы керек? Болмыс, махаббат, бақыт, достық деген не? Адам мен қоғам арасындағы байланысты қалай орнату қажет? Бұл сұрақтарға жауапты оның шығармаларынан табуға болады», - деді А. Темірболат. Дөңгелек үстел жұмысына онлайн режімінде С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің тіл және әдебит саласының ғалымдары қатысып, жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы өз пікірлерін білдірді.