Студенттер ҚазҰУ қалашығында сенбілік өткізіп, тазалыққа үлес қостыFarabi University

Студенттер ҚазҰУ қалашығында сенбілік өткізіп, тазалыққа үлес қосты

15 қараша, 2025

Қарашаның 15-нде Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің студенттері ҚазҰУ қалашығында дәстүрлі сенбілік ұйымдастырып, оқу орны аумағын абаттандыру жұмыстарына белсене атсалысты.

Сенбілік барысында студенттер қолғап, тырма, қап секілді қажетті құралдармен қамтамасыз етіліп, аумақты тазарту ісіне үлкен жауапкершілікпен кірісті. Тазалық жұмыстары кезінде оқу орнының маңы қоқыстан толық тазарып, жасыл аймақ ретке келтірілді. Факультет жастарының бір адамдай жұмыла еңбек етуі шараның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, сенбілік тек тазалықты сақтау шарасы емес, сондай-ақ студенттердің ұйымшылдығын арттырып, ұжымдық рухты нығайта түсетін маңызды іс. Қатысушылар да бұл шараның табиғатты аялауға, экологияны қорғауға және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға тәрбиелейтінін ерекше атап өтті.

Іс-шара соңында студенттер таза, жайлы ортаны қалыптастыруға үлес қосқандарын мақтан тұтатындарын жеткізіп, мұндай бастамалардың әрі қарай да жалғасын табуына ниет білдірді.