ҚазҰУ мен Чандигарх университеті арасындағы перспективалық әріптестік
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галееваның басшылығымен Чандигарх университетінің шетелдік студенттерді қабылдау менеджері Раджпал Сингхпен кездесу өтті.
Сапар барысында ҚазҰУ мен Үндістан жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту, оның ішінде академиялық мобильділікті күшейту және тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.
Проректор өз сөзінде соңғы жылдары ҚазҰУ мен Үндістан арасындағы серіктестік белсенді дамып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде университет Үндістанның 14 жоғары оқу орны және ұйымымен бірлесіп жұмыс істеп, академиялық мобильділік бағдарламалары мен ғылыми жобаларды табысты жүзеге асыруда.

Әсіресе ҚазҰУ-дың индология бөліміне ерекше көңіл бөлінді. Алина Галеева бөлімнің ашылуы университет тарихындағы маңызды кезең болғанын атап өтіп, бүгінде оның Қазақстандағы бірегей индология және шығыстану мектебі екенін жеткізді. Сонымен қатар ҚазҰУ-дың Үндістанның жетекші оқу орындары – Бомбей Үнді технологиялық институты, Джавахарлал Неру университеті, Amity University, Hindustan College of Engineering and Technology және өзге де ЖОО-лармен тығыз байланыс орнатқаны айтылды. Бұл ҚазҰУ-дың халықаралық серіктестікті дамытудағы ұзақ мерзімді және тұрақты стратегиясын көрсетеді.
Өз кезегінде Чандигарх университетінің өкілі Раджпал Сингх бірлескен бағдарламаларды кеңейтуге қызығушылық білдіріп, академиялық мобильділік үшін қолайлы жағдай жасаудың маңызды екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, студенттер мен оқытушылардың өзара алмасуы екі ел арасындағы мәдени және академиялық байланыстарды тереңдетуге мүмкіндік береді.

Кездесу барысында тараптар факультеттер мен институттар арасындағы мобильділікті арттыру, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын дамыту, шақырылған профессорлар мен стажировкалардың санын көбейту, сондай-ақ бірлескен конференциялар мен білім беру іс-шараларын ұйымдастыру сияқты көптеген бағыттарды талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар