Студенттік лекторий «Тәуелсіздікке бастар жол!»Farabi University

Студенттік лекторий «Тәуелсіздікке бастар жол!»

26 қараша, 2025

2025 жылғы 25 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әскери кафедрасының студенттері Алматы қаласы Әуезов ауданының №155 жалпы білім беретін мектебінің жоғары сынып оқушыларымен алдағы мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздікке бастар жол» атты лекторийін өткізді.

Лекторий барысында Қазақ хандығынан бастап бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан мемлекеттілігі мен тәуелсіздігінің қалыптасу тарихы туралы интерактивті презентациялар көрсетілді. Лекторийдің маңызды бөлігі Қазақстанның Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қосқан үлесіне және тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Қорғаныс министрі – Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы С.Қ. Нұрмағамбетовтің қазақстандық армияның қалыптасуындағы рөліне арналды.

Оқушылар еліміздің тарихындағы негізгі кезеңдерге қатысты викторина-байқауға үлкен қызығушылықпен қатысты.

Іс-шара соңында мектеп директоры Нияра Надырова әскери кафедра бастығы, запастағы полковник О.В. Ажимовке және әскери кафедраның барлық ұжымына оқушыларға патриоттық тәрбие беру ісіндегі тығыз ынтымақтастығы үшін зор ризашылығын білдірді.