Дипломатия мектебінің ұстаханасы
Биыл Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультеті құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл тәуелсіз Қазақстанның білім мен ғылым жүйесінде жаңа дәуір ашқан айтулы белес.
Факультетіміз осы жылдар ішінде мемлекетіміздің сыртқы саясатын байыпты жүргізетін және ел мүддесіне қызмет ететін зерделі студенттерді тәрбиелеп келеді. Сын сағаттарда күрделі мәселенің түйінін тауып, ғылым мен зерде ордасының іргетасын берік ұстаған тұлғалар факультет тарихының бір бөлшегі. Тәуелсіздік алғаннан кейін халықаралық аренада мемлекет аты мен абыройын арттырып, сыртқы қатынастарды орнату мақсаты күн тәртібінде тұрды. Осы мақсаттың төңірегінде білікті мамандар даярлау қажеттігі туындап, 1995 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінің бастамасы және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ғылыми кеңесінің шешімі негізінде Қазақстан тарихында алғаш рет халықаралық бағыттағы мамандандырылған факультет – халықаралық қатынастар факультеті құрылды. Факультеттің алғашқы деканы қызметін профессор Гүлжаухар Жамбатырова атқарды. Осы елеулі істің бастамашысы профессор Жарас Ибрашев болды.
Факультет негізі тарих пен құқықтың ұштасқан пішінінде қалыптасты. 1990 жылы профессор Марат Сәрсембаевтың бастамасымен ҚазМУ-дың заң факультетінде Халықаралық құқық кафедрасы және осы аттас мамандық ашылған болатын. 1992 жылы тарих факультетінде Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастары және сыртқы саясаты кафедрасы құрылды. Факультет қызметінің қалыптасуына сол жылдары сыртқы істер министрі қызметін атқарған қазіргі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қосқан үлесі зор болды. Сол кездері факультет студенттеріне дәріс оқып, өзінің дипломат ретіндегі тың ақыл-кеңесімен бөлісетін. Қазақстан үшін жаңа бағыт саналатын «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғаған алғашқы ғалымдардың бірі болды. Бұл өз кезегінде факультет даңқының артуына ықпал етті.
Факультетке ғалымдар мен тәжірибелі саясаткерлер, білікті дипломаттар қолдау жасады. Олардың қатарында Қазақ КСР-нің сыртқы істер министрі Михаил Исиналиев, Қазақстанның БҰҰ жанындағы алғашқы тұрақты өкілі, ҚР бұрынғы сыртқы істер министрі, төтенше және өкілетті елші, тарих ғылымының докторы, профессор Ақмарал Арыстанбекова, төтенше және өкілетті елші Қайрат Исағалиев, сондай-ақ ҚР Конституциялық Кеңесінің бұрынғы мүшесі, ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымының докторы, профессор Салахиден Сабикенов және басқа да көптеген көрнекті тұлғалар бар. Осындай беткеұстар қайраткер тұлғалар факультет қызметінің жанданып, гүлденуіне зор еңбек сіңірді.
Факультет дамуының әр кезеңі – жаңару мен ізденістің айғағы. 2001 жылы факультет құрамына «Әлемдік экономика» мамандығы енді. 2002 жылы «Аймақтану» бағыты ашылды. Ал 2018 жылдан бастап «Аударма ісі» мамандығы бойынша магистрлар даярлау басталды. Бүгінде факультетте үш кафедра бар. Сабақтар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өткізіледі. Алты шет тілі оқытылады, соның ішінде ағылшын, неміс, француз, испан, итальян, қытай тілдері және барлық үш оқу деңгейі – бакалавриат, магистратура, PhD бойынша дайындық жүргізіледі.

Факультет ғылым мен білімді интеграциялауға ерекше мән береді. Халықаралық қатынастар мен қауіпсіздік, халықаралық құқық, жаһандық экономика және аймақтық саясат бағыттарында ғылыми зерттеулер жүргізіледі. Оқытушы-профессорлар құрамы жүздеген монография, мыңдаған ғылыми мақала жариялады. Ерекше атап өтуге тұрарлық тұлғалардың бірі – Роза Сахариқызы Қайырбаева. Бұл кісі факультеттегі Шет тілдер кафедрасының қалыптасуына баға жетпес үлес қосты. Роза Сахариқызы алғашқы күннен бастап халықаралық қатынастар мамандарын көптілді етіп даярлаудың ғылыми-әдістемелік негізін қалады. Оның ұйымдастырушылық қабілеті мен ұстаздық мектебі бірнеше буын аудармашылар мен халықаралық қатынастар мамандарының кәсіби дамуына негіз болды. Роза Қайырбаеваның педагогикалық философиясы – «Шет тілін білу – тек білім емес, мәдениет пен дипломатиялық мінездің өлшемі» деген сөзі факультет ұстанымына айналды.
Сондай-ақ факультеттің Шет тілдер кафедрасының дамуына айрықша еңбек сіңірген ұстаздар қатарында Марияш Макишева мен Гүлсім Сүлейменованың есімдері құрметпен аталады. Бұл тәжірибелі педагогтер ағылшын тілін оқыту әдістемесін университеттік деңгейде жаңа сапаға көтерген ұстаздар мектебінің өкілдері саналады. Университет қабырғасында елу жылдан астам уақыт қызмет еткен Марияш Макишева мен Гүлсім Сүлейменова бірнеше буын студенттерге кәсіби және адами өнеге көрсетті. Олар факультетте ағылшын тілін оқытудың классикалық және коммуникативтік тәсілдерін ұштастырып, болашақ халықаралық қатынастар мамандарының дипломатиялық тілдік мәдениетін қалыптастыруға зор үлес қосты.
Факультеттің жаңа кезеңі – жасампаздық пен жаңашылдық дәуірі. Бүгінде декан Жұлдыз Сайрамбаеваның басшылығымен факультет жас ғалымдар мен студенттердің ғылыми белсенділігін арттыруға, халықаралық серіктестік географиясын кеңейтуге және академиялық ұтқырлық мүмкіндіктерін барынша жетілдіруге бағытталған нақты қадамдар жасауда. Дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіре отырып, факультетті заманауи университеттік басқару мәдениетінің үлгісіне айналдырды.
Қазір факультет жанында бірқатар ғылыми орталықтар табысты жұмыс істейді. Оның ішінде Еуропалық ақпараттық орталық, НАТО бойынша ресурстық және ақпараттық орталық, Америкалық және демократиялық зерттеулер орталығы, Германдық зерттеулер орталығы, БҰҰ өңірлік ресурстық орталығы, Еуразиялық зерттеулер орталығы, Еуропалық құқық орталығы, ДСҰ және халықаралық сауда құқығы орталығы, Романдық зерттеулер орталығы, сондай-ақ «Мәдениетаралық коммуникация және аударма зерттеулері» халықаралық орталығы. Бұл орталықтар студенттердің ғылыми-зерттеу әлеуетін дамытып қана қоймай, факультетті халықаралық ғылыми хабқа айналдырды.
.jpg)
Факультет 25 елдің жетекші университеттері және халықаралық ұйымдарымен тығыз серіктестікте жұмыс істейді. Оның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Испания, Италия, Жапония, Қытай, Түркия, Үндістан және басқа мемлекеттер бар.
Факультет ERASMUS+, DAAD, «Bolashak», Fulbright, IREX сияқты академиялық бағдарламаларға қатысады, шетелдік профессорлар мен дипломаттарды тұрақты түрде дәріс оқуға шақырады. Магистранттар мен докторанттар МГИМО, ШЫҰ және ТМД университеттерімен қосдипломдық бағдарламалар бойынша оқиды.
Осындай білім ордасынан ел азаматы деп атауға лайықты мыңдаған студенттер түлеп ұшты. Отыз жыл ішінде факультет жүздеген дипломат пен халықаралық қатынастар мамандарын тәрбиеледі. Бүгінде олардың көпшілігі мемлекеттік және халықаралық ұйымдарда абыройлы қызмет атқаруда. Түлектер қатарында ҚР Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза, ҚР-ның Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі Дәурен Абаев, ҚР Президентінің көмекшісі Мұрат Нұртілеу, ҚР сыртқы істер вице-министрі Ерлан Ашықбаев, ҚР-ның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров, ҚР-ның Австриядағы елшісінің кеңесшісі Мақсат Ибраев, ҚР-ның Ұлыбританиядағы елшісінің бірінші хатшысы Абай Бескен. Біздің түлектердің жетістігі – факультеттің ең үлкен абыройы мен мақтанышы.
Біз үшін 30 жыл – тарих пен келешекті жалғайтын көпір. Бұл жылдар ішінде факультет тек кәсіби тұрғыда дамып қана қоймай, нағыз дипломатия мектебінің ұстаханасы атанды. Заман талабына сай алда жаңа белестер мен тың міндеттер тұр. Қандай жағдайда да біздің басты мұратымыз өзгермейді: тәуелсіз Қазақстанның халықаралық беделін арттыруға қызмет ететін, парасатты, білікті және отаншыл мамандарды тәрбиелеуге әрқашан әзірміз.
Гүлнар КӘРІПБАЕВА,
Дипломатиялық аударма кафедрасының
аға оқытушысы
Басқа жаңалықтар