ҚазҰУ-дың Омбыдағы филиалында «Уәлиханов оқулары» өттіFarabi University

ҚазҰУ-дың Омбыдағы филиалында «Уәлиханов оқулары» өтті

27 қараша, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ресейдің Омбы қаласындағы филиалында Қазақстан Республикасы Бас консулдығының бастамасымен Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына арналған «Уәлиханов оқулары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Іс-шара көрнекті қазақ ғалымы, тарихшы, этнограф, саяхатшы және дипломат Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасын жаңаша пайымдауға арналды.

Конференцияға Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай және басқа да елдердің жетекші зерттеушілері, мемлекеттік органдардың өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері, сарапшылар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Жиынның негізгі мақсаты Ш.Уәлихановтың ғылымға қосқан үлесін жан-жақты зерделеу, Орталық Азия тарихы мен мәдениетін зерттеудегі рөліне жаңаша көзқарас қалыптастыру, сондай-ақ халықаралық ғылыми және гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту болды.

Бағдарламаның бірінші күні қатысушылар А.С.Пушкин атындағы Омбы мемлекеттік облыстық ғылыми кітапханасына барып, Уәлиханов дәуіріне қатысты сирек кітаптар топтамасымен танысты. Көрсетілген экспонаттар арасында ғалым өзі оқыған және пайдаланған еңбектер қойылған. Сонымен қатар кітапхана қызметкерлері қордағы бірегей архив материалдарын ұсынды.

Пленарлық отырыста Қазақстан мен Ресейдің ғылыми орталықтарының белгілі тарихшылары мен шығыстанушылары, сондай-ақ Бейжің университетінің профессоры баяндама жасады. Пленарлық бөлімнен кейін Қазақстан мен Ресей мектеп оқушылары арасында өткен «Шоқан Уәлиханов: дәуірлер мен ұрпақтар байланысы» атты халықаралық эссе байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Конференция аясында Ф.М.Достоевский  атындағы Омбы мемлекеттік университеті базасында орналасқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалында бірқатар ғылыми секциялар ұйымдастырылды. Секциялар жұмысында Ш.Уәлихановтың ғылыми еңбектерін талдау, экспедициялары мен Қашғарға жасырын сапары, тарихи жады мәселелері, мәдениетаралық диалог және Орталық Азиядағы қазіргі геосаяси үрдістер секілді ауқымды тақырыптар талқыланды.

Айта кету керек, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Омбы қаласындағы филиалы 2024 жылғы 27 қарашада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің қатысуымен ресми түрде ашылды. Бұл – Ресей аумағында ашылған алғашқы қазақстандық жоғары оқу орнының филиалы. Мұнда жастар заманауи талаптарға сай әзірленген сұранысқа ие білім бағдарламалары бойынша оқуда. Филиалда «Халықаралық құқық», «Филология», «Кеден ісі» және «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандықтары бойынша кадрлар даярланады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі