«КЕРЕМЕТ» ОРТАЛЫҒЫ – ИГІЛІК ОШАҒЫ
Осы негізде «Қазақстан – 2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға арналған тұжырымдамасы бойынша жастардың білім алуы, денсаулық сақтау саласы, жұмысқа орналастыру, жастарға арналған әлеуметтiк инфрақұрылымдардың салынуы мен жастардың әлеуметтік маңызды қызметтермен қамтамасыз етілу тарапындағы елеулі ерен еңбектер республика, облыс, қала деңгейлерінде жүзеге асырылуда.
Жастардың әлеуметтік жағынан қамтамасыз етілуін жақсарту мақсатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлының бастамасымен ашылған болатын. Ғылым мен техниканың дамыған заманында бұл орталық «Al-Farabi University Smart city» инновациялық жобасының іске асырылуының маңызды құраушысы іспетті. Орталықты әлемдік деңгейде кездеспейтін, студенттерге 500-ге жуық мультифункционалды қызметтер ұсынатын бірегей кешенді жоба деп айтуға да болады.
«Кереметте» оқу-ағартушылық, медициналық, әлеуметтік-тұрмыстық және мәдени-демалыс сияқты төрт негізгі бағыт бойынша қызметтер ұсынылады. Оқу-ағартушылық бағыт өзіне Тіркеуші кеңсесі, Студенттік бөлім қызметі, Халықаралық академиялық ұтқырлықты қамтамасыз ету секторы қызметі, Әскери-жұмылдыру бөлімінің қызметі, Паспорт үстелі бойынша қызметтер, Бухгалтерия, Бизнес және мансап орталығы қызметі, Халыққа қызмет көрсету орталығының мобилділік бөлімшесінің қызметтерін қамтиды. Бұл қызметтер белгіленген университеттік стандарттар негізінде жүзеге асырылады. Ал медициналық бағыт бойынша орталықта Қазақстан – Корей диагностикалық орталығы өз жұмысын атқаруда.
Диагностикалық орталық жаңа, заманауи арнайы мамандандырылған медициналық құралдармен жабдықталу арқылы білікті мамандармен жоғары сапалы медициналық қызметтерін ұсынады. Сонымен қатар мәдени-демалыстық бағытта студенттерге арналған кинотеатр бар. Ал Алматы қаласының «1000 жылдыққа – 1000 қайырымды іс» жобасының негізінде, «Кереметте» әлеуметтік дүкен ашылған болатын. Әлеуметтік дүкен студенттердің оқу мәселелерімен қатар, супермаркетте қажет азық-түлікпен қамтамасыз етілуіне, сұлулық салоны, кітап дүкені, кір жуатын орын, дәріхана, банк қызметтерін кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді. Студенттердің көңілінен барынша шыққан орталықтағы студенттік кафені де ерекше атап өту керек. Кафе кең ассортименттегі тағамдарымен, жанға жағымды атмосферасымен, қолжетімді бағасымен тұтынушыларын барынша баураған. Осындай нысандарды қамтыған әлеуметтік-тұрмыстық бағыт орталықтың ең басты бағыты бола отырып, жас ұрпақтың әлеуметтік деңгейін ең жоғарғы деңгейде қамтамасыз ету, жоғары сапалы дәрежеде қызмет көрсету мақсатын алға қойған. Әлеуметтік дүкен тек қана студенттерге ғана емес, жақын орналасқан аудандардағы зейнеткерлерге, көпбалалы отбасыларға да қызмет көрсетіп келеді. Орталық қызметтерінің игілігін студенттермен қатар, оқытушы-профессорлық құрам да көріп келеді.
Барлық бөлімдердің бір орталықта шоғырлануы негізінде «бір терезе» қағидасы бойынша оқу-ағартушылық қызметтерімен қатар, күнделікті тұтыну өнімдерімен тұрақты түрде қамтамасыз етілуінің жоғарғы деңгейде ұйымдастырылуы студенттер мен университет қызметкерлерін қуантуда. Алматы қаласындағы ҚазҰУ «қалашығы» қаламызды көркейтіп отырған орындардың бірі болса, «Керемет» кешені «қалашықтың» сәніне сән, студенттік өміріне ерекше мән берген нысан болып отыр. «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы – маңыздылығы жағынан әлем бойынша кездеспейтін орталық, студенттерге ерекше ықыласпен қамқорлық жасай отырып, бірегей қызметтер кешенін ұсынады. Жас ұрпаққа елеулі көмек негізінде оқу-ағартушылық, мәдени-демалыстық, медициналық және әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер ұсынатын игілік ошағы. Сайран БАЯНДИНОВА, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығының директоры