ҚазҰУ дипломатиялық қабылдау өткіздіFarabi University

ҚазҰУ дипломатиялық қабылдау өткізді

28 қараша, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде халықаралық қатынастар факультетінің құрылғанына 30 жыл толуына арналған мерейтойлық дипломатиялық қабылдау өтті.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушылар мен қонақтарды факультеттің мерейтойымен құттықтады. Ректор өз сөзінде: «ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультеті 30 жылдан астам уақыт бойы халықаралық қатынастар саласы үшін жоғары білікті мамандар даярлайтын зияткерлік ордаға айналды. Факультеттің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан – біздің оқытушылар мен профессорлар. Білікті ұжым факультеттің академиялық деңгейін сақтап, қазақстандық дипломатиялық мектептің дәстүрлерін лайықты жалғастырып келеді», – деп атап өтті.

Жансейіт Қансейітұлы дипломатиялық корпус өкілдеріне, бас консулдарға, сондай-ақ мемлекеттік органдарда, елшіліктерде, іскерлік құрылымдар мен сараптамалық орталықтарда жауапты қызмет атқарып жүрген факультет түлектеріне ерекше алғыс білдірді.
«Сіздердің бүгінгі шараға қатысуларыңыз – біз үшін аса қымбат. Бұл біздің мерейтойымызға ерекше мән беріп, оның мазмұнын тереңдете түседі», – деді ректор.

Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев ҚР сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың құттықтау хатын оқып берді: «Отандық дипломатияның ұстаханасы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультеті құрылғанына 30 жыл толған мерейлі белеспен шын жүректен құттықтаймын! ҚазҰУ – мен үшін қасиетті қара шаңырақ, кәсіби жолымның бастауына айналған ұшқан ұям. Сондықтан бүгінгі мерейтойда өткенге құрмет, ұстаздарға ризашылық білдіру – ізгі парызымыз»,  – делінді құттықтауда.

Қабылдауда БҰҰ-ның Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек сөз сөйлеп, өзгерістер дәуірінде өзара түсіністік пен халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Дипломаттар мен қонақтар жоғары білімнің дипломатияны дамыту, тұрақты бейбітшілік және халықтар арасындағы өзара құрметті қалыптастырудағы рөлін талқылады.

Ресми бөлім аяқталған соң, дипломатиялық корпус өкілдеріне алғыс хаттар мен медальдар табыс етілді. Сонымен қатар «Қазақстан – академиялық білім аймағы» атты стратегиялық серіктестер форумында белсенді қатысқаны үшін факультет студенті Адриан Давусты арнайы алғыс хатпен марапаттады.

Бағдарлама аясында факультет тарихына арналған фильм көрсетіліп, шара қатысушыларына факультет студенттері дайындаған концерт ұсынылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі