ҚазҰУ білім беру бағдарламаларын жетілдіредіFarabi University

ҚазҰУ білім беру бағдарламаларын жетілдіреді

28 қараша, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылыми кеңесі отырысында жаңартылған инновациялық білім беру бағдарламаларын жетілдіру және оңтайландыру, сондай-ақ университеттің жастар саясаты тұжырымдамасы  және студенттерге әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері талқыланды.

 

Білім беру бағдарламаларын жетілдіру тақырыбында баяндаманы Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева жасады,  қосымша баяндамашы ретінде кафедра меңгерушісі Мәдина Мансұрова қатысты. Проректор А.Галеева білім беру бағдарламаларының кешенді талдауының нәтижелерін таныстыра отырып, университеттің білім беру бағдарламаларын жаһандық білім беру үрдістері мен қазіргі еңбек нарығы талаптарына сәйкес жүйелі жаңарту жұмыстарын жүргізіп отырғанын атап өтті.

2025 жылы Академиялық талдау және білім сапасын бақылау кеңсесі құрылды, ол сапаны бағалаудың халықаралық әдістемелерін пайдалана отырып, 50 бағдарламаға пилоттық талдауды бастады. Бағдарламаларды талдау кезінде олардың өзектілігі, студенттік контингенттің сапасы, оқытушылардың кадрлық әлеуеті, қаржылық тұрақтылық, пәндердің құрылымы мен мазмұны, студенттердің пікірі мен бағдарламалардың беделі, материалдық-техникалық база және аккредиттеу мәртебесі ескерілді.

2025-26 оқу жылында университет жаңа білім беру бағдарламаларын енгізді. Бакалавриат 13 бағдарламамен толықтырылды, оның төртеуі қосдипломды және екеуі пәнаралық. Магистратура жеті бағдарлама алды, оның ішінде бір пәнаралық, докторантура – үш бағдарлама, оның ішінде бір қосдипломды және бір пәнаралық, резидентура – 17 бағдарлама.

Жалпы, ҚазҰУ-да әлемнің Топ-500 университеттерінің жетекші серіктестерімен бірлескен 62 қосдипломды білім беру бағдарламасы іске асырылуда, олардың қатарында Ла Сапиенца (Италия), М.В.Ломоносов атындағы ММУ және Патрис Лумумба атындағы Ресей халықтар достығы университеті бар. Жаңа халықаралық бағдарламалардың ішінде Гренобль Альпы университетімен бірлескен шетел филологиясы (француз тілі), сондай-ақ Қытайдың Солтүстік-батыс университетімен (СБПУ) «Компьютерлік ғылымдар және технологиялар» және «Жасанды интеллект» бағдарламалары қамтылған.

Спикер 2025-26 оқу жылына арналған білім беру бағдарламаларын жаңартудың себептерін атап өтті. Оларға мемлекеттік білім беру стандарттарына өзгерістер енгізу, кәсіби стандарттарды жаңарту, таңдау компонентіне жаңа пәндер енгізу («Инклюзияға кіріспе», «Адам өмірін сақтау негіздері», «Экология және тұрақты даму») және «Ғылым ордасы» оқу модулін интеграциялау кіреді. Бакалавриаттың 136 білім беру бағдарламасы, магистратураның 18, резидентураның 5 және докторантураның 15 бағдарламасы жаңартылды.

Арнайы назар инновациялық бағдарламаларға аударылды, олар Бірыңғай жоғары білім платформасының реестріне енгізілуге дайындалуда.

Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева 2026-27 оқу жылына арналған бағдарламаларды өзектендіруге бағытталған жобалық қаулыны таныстырды.

 

Жастар саясаты тұжырымдамасы мен студенттерге әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі бойынша баяндаманы Басқарма мүшесі – әлеуметтік даму проректоры Бақытжан Омаров жасады, қосымша баяндамашы ретінде география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева қатысты.

Студенттерге әлеуметтік қолдауды нығайту және инфрақұрылымды жаңарту бойынша кешенді жұмыс нәтижесінде 2025 жылы 1658 есік, 600 парта, 252 кітап сөресі, 16 000 төсек, санитарлық тораптар мен тұрмыстық техника жаңартылды. Студенттерге оқу ақысына 10 пайыздан 100 пайызға дейін жеңілдіктер беріледі. Табысы төмен елдерден келген шетелдік білім алушыларға, жетім және мүмкіндігі шектеулі студенттерге жатақханада тұру толық немесе ішінара өтеледі. Университет тегін медициналық қызмет көрсетеді. Студенттердің іссапарлары мен іс-шараларына қаржылай қолдау көрсетіледі. Әлеуметтік санаттағы студенттерге тегін тамақ беріледі. Жатақханалар мен факультеттерде 31 орталық, 88 үйірме және 69 клуб жұмыс істейді.

Ғылыми кеңес барысында ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ұсынылған қаулы жобаларын іске асыруды күшейту, білім беру бағдарламаларын жаңарту барысын бақылауды қамтамасыз ету және студенттерге көрсетілетін әлеуметтік қолдау сапасын арттыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар инженерлік мамандықтарды даярлайтын білім беру бағдарламаларын көбірек ашуды және Археология институтының жұмысын жандандыруды тапсырды.

 

       

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі