Тіл - достықтың алтын көпіріFarabi University

Тіл - достықтың алтын көпірі

27 қараша, 2025

27 қараша 2025 жылы «Қазақ және орыс тілдерін шет тілі ретінде тиімді оқытудың құралдары мен тәжірибелері» атты Халықаралық ғылыми-практикалық семинар өтті. Іс-шара әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ЖОО дейінгі білім беру факультеті шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының 40 жылдық мерейтойына арналды. Бұл құрылым ондаған жылдар бойы шетелдік білім алушыларға жоғары деңгейлі тілдік дайындықтан өткізіп, орыс және қазақ тілдерін шетел тілі ретінде оқыту әдістемесін дамытуға елеулі үлес қосып келеді.

Семинар жұмысына Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Жапония ғалымдары мен әдіскерлері, сондай-ақ Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының мамандары қатысты. Бұл құрам шараның халықаралық маңызын және кәсіби қауымдастық үшін өзектілігін айқындайды.

Семинардың негізгі мақсаты — қазақ және орыс тілдерін шет тілі ретінде оқытудың заманауи тәсілдерін талқылау, тиімді әдістемелік тәжірибелерді, инновациялық шешімдерді және оқу үдерісін жетілдіруге бағытталған білім беру ресурстарын өзара бөлісу. Мұның барлығы көптілді және мультимәдени ортада білім алатын шетелдік студенттердің мотивациясы мен үлгерімін арттыруға қызмет етеді.

Әртүрлі елдер мен білім беру ұйымдарының оқытушылары, әдіскерлері және зерттеушілерінің қатысуы сапалы тілдік дайындық қалыптастыруда пәнаралық және мәдениетаралық ынтымақтастықтың маңызын көрсетеді.

Талқылаулар барысында қаралған мәселелер ТДМ 4 «Сапалы білім» міндеттеріне сай келеді. Бұл бағытта шетел тілдерін оқыту әдістемесін жетілдіру түрлі мәдени және тілдік топтардан келген білім алушыларға қолжетімді, инклюзивті және тиімді білім беруді қамтамасыз етудің маңызды тетігі ретінде қарастырылды. Семинар халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және жаһандық сапа стандарттарына сай білім беру тәжірибелерін ілгерілетуге ықпал етті.

 

 Ф.ғ.к. қауымдастырылған профессор Г.Ә. Мұсаева