ҚазҰУ-да БҰҰ өкілдерімен кездесу өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері мен оқытушы-профессорлық құрамы БҰҰ-ның өкілдерімен кездесті. Біріккен ұлттар ұйымының жоғары лауазымды қонақтары тізімінде БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, Орталық Азиядағы превентивті дипломатия жөніндегі БҰҰ-ның аймақтық орталығының басшысы Петко Драганов мырза мен БҰҰ тұрақты үйлестірушісі, БҰҰ даму бағдарламасының Қазақстандағы өкілі Норимас Шимомура болды. Олар ҚазҰУ студенттеріне, магистранттары мен докторанттарына ұйымның аталмыш аймақтағы қызметінің жағдайы туралы дәріс оқыды.
Петко Драганов мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатында өзекті болып саналатын қауіпсіздік мәселелерін қозғап, қызықты әрі пайдалы тақырыптар төңірегінде дискуссия ұйымдастырды. Қақтығыстардың алдын алу үшін ақпараттық, экономикалық, әскери, су және басқа да қауіпсіздік аспектілеріне байланысты өзара тығыз мәселелерді мемлекет басшыларымен бірігіп отырып кешенді шешімдер қабылдауды қажет етеді. Аталмыш мәселелер Драганов мырза басқаратын Орталық Азиядағы превентивті дипломатия жөніндегі БҰҰ-ның аймақтық орталығының қызметіне де тығыз байланысты. Қонақтардың айтуынша, құрылымның мақсаты Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан үкіметіне диалогты нығайту арқылы қақтығыстардың алдын алуға, Орталық Азияда бар қауіп-қатерлерге жауап беруге көмектесу және қолдау көрсету.
Өз кезегінде Шимомура мырза 2015 жылы әзірленген Тұрақты дамудың мақсаттарымен бөлісті. Оның ойынша діттелген нысанаға қол жеткізу үшін әрбір азамат қоғамның дамуына өзіндік үлесін қосуы керек. Сонымен қатар ол жаңа бағдарламаның ескісінен айырмашылығына тоқталды. Ұжымдық дайындалған бағдарлама жұмысына сарапшылар үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері мен шенеуніктер қатысты.
Кездесу барысында студенттер мен оқытушы-профессорлық құрам өздерін қызықтырған бірқатар сұрақтарға жауап алып, БҰҰ-ның аймақтық бөлімдерінің қызметімен танысуға мүмкіндік алды.
Қонақтар алдағы уақытта ҚазҰУ-да студенттердің ұйымдастыруымен өтетін БҰҰ-ның мини моделіне қатысуға шақырту алды.