ҚазҰУ ғалымы Жапония тәжірибесін зерттеудеFarabi University

ҚазҰУ ғалымы Жапония тәжірибесін зерттеуде

1 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасының қауымдастырылған профессоры, доцент-зерттеуші Ерлан Ахапов Киото қаласындағы әлемге танымал Адамзат және табиғат институтында (RIHN) ғылыми зерттеулер жүргізуде. Бұл зерттеу Жапонияның тұрақты даму жөніндегі озық тәжірибесін ғылыми тұрғыда терең талдауға бағытталған.

Ғалымның «Жапонияда тұрмыстық қалдықтарды басқару саласындағы экологиялық саясат: Қазақстанның орнықты дамуы үшін үздік тәжірибе» атты жобасы қазіргі экологиялық саясаттың тиімді бағыттарын анықтауға, оларды Қазақстан жағдайына бейімдеуге мүмкіндік беретін кешенді зерттеу болып отыр.

RIHN – жаһандық экологиялық өзгерістерді пәнаралық тәсілмен зерттейтін Жапонияның ұлттық ғылыми институты. Мұнда жүзеге асатын ғылыми жобалар адам қызметі, мәдени нормалар және қоршаған орта үрдістерінің өзара байланысын зерделеуге негізделген.

Институттың Visiting Research Fellow бағдарламасы шетелдік зерттеушілерге халықаралық ғылыми ортада жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Конкурстық іріктеуден өткен ғалымдар институт жобаларына қатысып, өзіндік зерттеу жүргізеді және Жапонияның жетекші мамандарының тәжірибесімен танысады.

Ерлан Ахаповтың ғылыми жұмысы Жапонияның экологиялық саясатын талдауды, қалдықтарды басқарудың муниципалдық жүйелерін зерттеуді, Қазақстан мен Жапонияның орнықты даму тәжірибесін салыстыруды, сондай-ақ экологиялық білім берудің қоғамдағы жауапкершілікті қалыптастырудағы рөлін анықтауды қамтиды. Ғалым жапондық тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесінің құрылымын, тиімді тәсілдерін және оның әлеуметтік негіздерін жан-жақты зерттеп жатыр. Ғалым қоқыс жағу және қайта өңдеу зауыттарының, мамандандырылған экологиялық орталықтардың, сондай-ақ экологиялық тәрбиенің озық тәжірибелері енгізілген білім беру мекемелерінің жұмысымен танысады.

Тағылымдама барысында ҚазҰУ ғалымы саланың жетекші мамандарымен, соның ішінде қалдықтарды басқару жөніндегі беделді сарапшы, профессор Мисудзу Асари және экологиялық зерттеулердің іргелі және қолданбалы бағыттары бойынша жұмыс істейтін ғалымдармен кездесетін болады. Талқылауларда қалдықтарды сұрыптаудың тиімді үлгілері, цифрлық технологиялардың рөлі, қоғамды экологиялық бастамаларға тарту тетіктері және жаһандық экологиялық сын-қатерлер жағдайында жүктемені төмендету стратегиялары қарастырылады.

ҚазҰУ ғалымы FY2025 The 4th Visiting Research Fellow Seminar семинарында «Sustainable Development Challenges in Kazakhstan: An Analysis of Japanese and Kazakh Experience in Household Waste Management» тақырыбында баяндама жасайды. Баяндаманың ресми пікір білдірушісіКиото қаласының бұрынғы мэрі Дайсаку Кадокава.

Зерттеу қорытындысы бойынша халықаралық ғылыми журналдарға мақалалар әзірлеу, жапон зерттеушілерімен бірлескен ғылыми жобаларды дамыту және Қазақстандағы экологиялық басқару жүйесіне арналған ғылыми негізделген ұсынымдар дайындау жоспарланып отыр.

Ерлан Ахаповтың айтуынша, аталған зерттеулер  Қазақстан мен Жапония арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтуға, экологиялық мәдениетті дамытуға, қалдықтарды басқарудың заманауи тәсілдерін енгізуге және еліміздің орнықты даму бағыттарын жетілдіруге өз үлесін қосады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі