«Таза Қазақстан. Экологиялық таза қалаға жету мәселелері»
Әдебиеттану мамандығының 4-курс студенттері Тұрақты Даму Мақсатының 11-бағыты аясында куратор-эдвайзер Ш. А. Шортанбайдың жетекшілігімен «Таза Қазақстан. Экологиялық таза қалаға жету мәселелері» атты еркін кездесу ұйымдастырды. Іс-шара университет қалашығында өтіп, қатысушылар қала экологиясына қатысты өзекті тақырыптарды жан-жақты талқылады. Кездесудің негізгі мақсаты – студенттердің экологиялық мәдениетін қалыптастыру, тұрақты әрі қауіпсіз қалалық орта құру үшін қажетті бағыттарды түсіндіру, сондай-ақ «Таза Қазақстан» бастамасы аясында экологиялық жауапкершілікті арттыру болды. Студенттер экологиялық таза қалаға жетудің тиімді жолдары, кеңістікті дұрыс жоспарлау, тұрмыстық қалдықтарды азайту, қайта өңдеу мәдениетін дамыту, жасыл аймақтарды көбейту, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау мәселелерін ортаға салды. Сонымен қатар, қазіргі қалаларда кездесетін экологиялық қиындықтар – ауаның ластануы, көлік тығыздығы, қоқыс сұрыптау жүйесінің әлсіздігі, тұрғындардың экологиялық сауаттылығының төмендігі сияқты проблемалар талқыланып, оларды шешу жолдары жөнінде ұсыныстар айтылды. Кездесу барысында қатысушылар экологиялық тұрақтылыққа қол жеткізу үшін әр азаматтың жеке жауапкершілігі, қоғамның белсенді ұстанымы және мемлекеттік бағдарламалардың маңыздылығы туралы пікір алмасты. Жалпы, өткізілген еркін кездесу студенттердің экология мәселелеріне деген қызығушылығын арттырып, тұрақты және таза қалалық орта қалыптастыруға бағытталған ой-пікірлерімен бөлісуге мүмкіндік берді. Іс-шара экологиялық сананы дамытуға, қалаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға және «Таза Қазақстан» идеясына қолдау көрсетуге бағытталған маңызды кездесу болды.
Ш.А. Шортанбай, қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының
аға оқытушысы
Басқа жаңалықтар