Екі ел қарым-қатынасына жаңа серпін
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путиннің шақыруымен Ресейге мемлекеттік сапармен барды. Президентіміздің мемлекеттік сапарының мәртебесі жоғары, салмағы басым болды. Себебі Мәскеуде екі ел басшылары қос тарап арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастықтың басты бағыттарын талқылау мақсатында кездесіп, қос ел үшін маңызды бірқатар құжатқа қол қойылды. Бұл сапар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды жаңа деңгейге көтеру тұрғысымен тарихи маңызға ие.
Отыз жылдан бері екі ел арасында экономикадан бастап, мәдени-гуманитарлық байланыстар және мемлекетаралық әріптестік қарқынды дамып келеді. Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыс жоғары деңгейде. Бүгінде қос ел стратегиялық серіктестер ретінде танылып отыр. Ресей – ел экономикасына қаржы құйған жетекші инвесторлардың бірі. Мысалы, соңғы бір жылда Қазақстанға тартылған инвестицияның көлемі 4 миллиард долларға жеткен. Қазақстанда Ресей капиталы бар 20 мыңнан астам компания табысты жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде елде мыңдаған жұмыс орындары құрылып, экономикалық өсімге де тың серпін беріліп отыр.
Ресми деректерге келсек, шет мемлекеттерде 100 мыңға жуық қазақстандық студент білім алып жатса, олардың 70 мыңға жуығы Ресейде білім алуда. Мәскеу, Санкт-Петербург және Қазан сияқты ірі қалалармен бірге, шекаралас аймақтарда да ресейлік оқу орындарын таңдайтын жастардың қатары көп екені белгілі. Оған қоса, елімізде Ресейдің үздік техникалық ЖОО-ларын ашу бойынша да келіссөздер жүргізілуде.
Кездесу барысындағы негізгі басты құжаттар Қазақстанда «Росатом» қатысуымен алғашқы АЭС-ті салу, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізін кеңейту және «Солтүстік – Оңтүстік» бағытын дамыту жоспарланып отыр. Сондықтан Қ.Тоқаев «Бұл құжат екі ел арасындағы сенімнің жоғары деңгейін растап, ынтымақтастықтың жаңа дәуірін бастайды» деп атап көрсетті.
Қос тарап экономикадан бөлек, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелерін де егжей-тегжейлі талқылады.
Кездесу нәтижесі екі ел қарым-қатынасына жаңа серпін беретіні шүбәсіз. Себебі энергетика, газ және мұнай саласындағы жаңа келісімдер экономиканың қарқынды өсуіне пайдалы, екі ел арасындағы достық пен экономикалық тұрақтылықты нығайтатын маңызды қадам деп есептеймін.
Фатима ҚОЗЫБАҚОВА,
Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры
Басқа жаңалықтар