Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру әдістемесі талқыланды
Әл-Фараби апталығы аясында және ҚР бухгалтері мен аудиторы күні қарсаңында Экономика және бизнес жоғары мектебінде өткен келелі кеңесте жаһандық өзгерістер мен ESG дәуіріндегі есеп пен аудиттің тұрақты дамуы: қаржылық есептілікті трансформациялау мәселесі талқыланды.
Бүгінде бүкіл әлем жаһандық сын-қатерлер жағдайында, әсіресе бүгінгі климаттық, әлеуметтік, технологиялық және экономикалық жағдайларда бизнестің, қаржылық ақпараттың және корпоративтік басқару тетіктерінің рөлін қайта қарастыру қажеттілігіне тап болып отыр. Заман сұранысына сай маңызды, тиімді ғылыми жаңалықтар ашып, оларды өндіріске енгізе білген мемлекеттердің пайдаға кенелгенін, қуаты артқанын көріп, ғұлама сөзінің маңыздылығы арта түскеніне куә болудамыз. ESG тұжырымдамасы – экологиялық, әлеуметтік және басқарушылық жауапкершілік тұрақты дамудың жаңа моделінің негізіне айналады.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – академиялық білім аймағы» атты стратегиялық серіктестіктер форумында сөйлеген сөзінде: «Білім мен ғылым – әлемді өзгерте алатын ең басты күш, ал университет – озық ойлар мен жаңа идеялардың ордасы, ғылыми ізденіс ортасы», – деп атап өткен болатын. Яғни университет пен кәсіби бизнес ортасы өкілдерінің дөңгелек үстелде жиналып, заманауи мәселелерді талқылауы жаңа ойды, озық идеяны тудыратыны сөзсіз.
Бүкіл әлем қаржылық ақпаратқа, корпоративтік басқаруға және әлеуметтік жауапкершілікке деген көзқарасты кешенді түрде қайта қарастыру қажеттілігінің алдында тұр. ESG тұжырымдамасы тұрақты дамудың экономикалық, экологиялық және әлеуметтік аспектілерін біріктіретін негізгі құралға айналады.
Бухгалтерлік есеп және аудит саласындағы мамандар үшін бұл жай ғана жаңа тренд емес, әдіснамалық тәсілдерді, стандарттарды және кәсіби құзыреттерді жаңартуды талап ететін сынақ. Қаржылық емес есептілікті қолданыстағы жүйелерге қалай біріктіру, ESG-ақпараттың ашықтығын қалай арттыру керектігін және оны Қазақстанда тиімді іске асыру үшін қандай практикалық қадамдар қажет екенін айқындау керек. Бұларды шешу өз кезегінде Тұрақты даму мақсаттарын: ТДМ 4 – «Сапалы білім беру», ТДМ 8 – «Лайықты жұмыс және экономикалық өсу» іске асыруға бағытталады.

Келелі кеңестің басты мақсаты – цифрландыру жағдайында аудит саласындағы нақты, өзекті мәселелерді шешуге, Экономика және бизнес жоғары мектебінің білім алушыларын бухгалтерлік есеп пен аудиттің практикалық мәселелерін шешуге тартуға бағытталған оқытушы-профессорлар құрамы мен ЭжБЖМ жас ғалымдарының, қоғамдық ұйым өкілдері мен практик-мамандардың әріптестік өзара іс-қимылын дамыту.
Жоғары мектеп басшылығы, факультет деканы Жанна Ермекова, ғылым және инновациялық жұмыс жөніндегі декан орынбасары Дина Қанағатқызы, Экономика және қаржы департаментінің директоры Әсем Мақашова, кафедраның оқытушы-профессорлар құрамы, докторанттар мен магистранттар кәсіби сала өкілдерімен кездесіп, бухгалтерлік есеп және аудит саласындағы тұрақты даму мүмкіндіктерін талқылады. Бизнес-серіктестер ретінде Қазақстан Республикасының Аудиторлар палатасынан академия директоры Тимур Әбиев, «Учет.kz» академиясынан Михаил Барышев, KPMG Кавказ және Орталық Азия директоры Әсел Темірғалиева өз ойымен бөлісті.
Еліміздің 2026 жылдан бастап қолданысқа енгізілетін жаңа Салық кодексінің өзгерістері жөнінде ой бөліскен М.Барышев «Учет. kz» академиясы тарапынан жүзеге асырылып жатқан шаралар, оның ішінде университеттің білім алушыларына, оқытушыларына берілетін мүмкіндіктерге тоқтала келе, университетті ESG-қағидаларын жүзеге асырушы бірден-бір академиялық орта екенін атап өтті.

ҚР Аудиторлар палатасының өкілі ретінде Тимур Әбиев білім алушы жастарға берілген мүмкіндіктерді пайдалана отырып, өздерінің стратегиялық жоспарларымен ұтымды үйлестіре білу жөнінде тағылымды кеңестерімен бөлісті.
Университетіміздің Экономика және қаржы департаментінің директоры Әсем Мақашова ESG-қағидаларын басқару үрдісімен үйлестіру мәселесін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мысалында қарастыра отырып, университеттің есептілігін құрастырудағы басты мәселелерге шолу жасап өтті.
KPMG Кавказ және Орталық Азия директоры Әсел Темірғалиева ESG-қағидалары бойынша құрастырылған есептіліктің бизнеске беретін артықшылықтарына тоқталып, нақты мысалдар келтірді.
Қаржы және есеп кафедрасының аға оқытушысы, э.ғ.к. Мәди Байдәулетов дөңгелек үстел тақырыбының өзектілігін, бухгалтерлік есеп пен аудитке қатысты мүмкіндіктерге тоқталды.

Бұдан кейін кафедра оқытушылары, докторанттар мен магистранттар өз ой-көзқарасын ортаға салып, дөңгелек үстел қатысушылары арасында туындаған басты сұрақтарға қатысты пікірталас орын алды.
Бүгін біз ESG трансформациясы тек уақыт талабы емес, бизнестің тұрақтылығы, инвесторлардың сенімі және ұйымдардың әлеуметтік жауапкершілігі тәуелді болатын стратегиялық бағыт екенін анықтадық.
Тұрақты есеп және аудит саласындағы әдістемелерді, стандарттар мен практикалық құралдарды әзірлеу үшін мемлекеттің, ғылыми қоғамдастықтың және кәсіпқойлардың күш-жігерін біріктіру қажет.
Бақыт СҰЛТАНОВА,
э.ғ.к., қауымдастырылған профессор
Альмира АРЫСТАМБАЕВА,
аға оқытушы
Басқа жаңалықтар