«Қазақ заң ғылымының ірі қайраткері Арықбай Ағыбаевты еске алу отырысы»
3 желтоқсан 2025 жылы «Ел Тұтқа» пікірталас клубының мүшелері клуб жетекшісі Тлепбергенов Орынбасардың қатысуымен қазақ құқық ғылымының көрнекті өкілдерінің бірі, белгілі заңгер, ҚазҰУ түлегі Арықбай Нүсіпәліұлы Ағыбаевтың өмірі мен шығармашылық жолына арналған мазмұнды еске алу отырысын өткізді. Бұл жиынның негізгі мақсаты — ғалымның құқық саласына қосқан зор үлесін бағалау, оның еңбектерін талдап, қазіргі құқықтық ғылым мен тәжірибеде алар орнын айқындау болды.
Пікірталас барысында Арықбай Нүсіпәліұлының кәсіби өмірбаяны жан-жақты қарастырылып, оның құқық жүйесінің дамуына сіңірген еңбектері кеңінен сөз болды. Қатысушылар ғалымның Қазақстандағы қылмыстық құқықтың ғылыми базасын қалыптастырудағы рөлін, құқықтық реформаларды жетілдіруге қосқан нақты үлесін атап өтті. Оның оқулықтары, монографиялары, ғылыми талдаулары мен зерттеулері еліміздегі заңгер мамандар үшін маңызды теориялық сүйеніш болып қала беретіндігі айтылды.
Сондай-ақ отырыста Ағыбаевтың ұстаздық қызметі ерекше аталды. Ол талай буын заңгерлерді тәрбиелеп, ғылыми ортаға үлкен серпіліс әкелген тұлға ретінде бағаланды. ҚазҰУ-дың түлегі ретінде ол өзінің кәсіби жолын еліміздің құқықтық жүйесін дамытуға арнап, құқықтық ойдың қалыптасуына ықпал еткен қайраткер екендігі талқыланды.
Пікірталас барысында оның еңбектерінің өзектілігі, құқық саласына енгізген жаңашыл көзқарастары, құқықтық ғылымға қосқан әдіснамалық үлестері талданып, студенттер мен жас мамандар үшін үлгі болатын тұлға екені атап өтілді. Қатысушылар ғалымның ғылыми мұрасы қазіргі кездегі құқықтық реформалар мен заң тәжірибесіне өз маңызын жоғалтпағанын, керісінше болашақ зерттеулерге бағыт беретін іргелі негіз болып қала беретінін айтты.
Бұл еске алу отырысы «Ел Тұтқа» пікірталас клубы үшін тарихи және тәрбиелік мәні зор шара болды. Қатысушылар заң ғылымына өмірін арнаған көрнекті тұлғаның мұрасын зерделеу арқылы құқықтық мәдениетті тереңірек ұғынуға мүмкіндік алып, кәсіби көзқарастарын байыта түсті.