ҚазҰУ атом энергетикасы семинарына қатысты
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті мен ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің ұйымдастыруымен «Атом энергиясы: адам ресурстары мен кадрларды дамытуды жоспарлау, оның ішінде адами капиталды дамыту стратегиялары мен жоспарлары» тақырыбында семинар өтті. Ауқымды шара Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) Астана қаласындағы өкілдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Семинарға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен атом саласы бойынша білім беру бағдарламаларын таныстыру мақсатында физика-техникалық факультетінің деканы Нұрзада Бейсен және РОӘК Оқу-әдістемелік бірлестігінің ғалым хатшысы Ақмарал Сырғақбаева қатысты.

Атом энергетикасы саласындағы халықаралық ұйымдардың өкілдері мен жетекші сарапшылар семинар жұмысына белсене қатысып, тәжірибе алмасу мен кадрлық әлеуетті арттыру мәселелерін талқылады.
Семинар барысында Нұрзада Бейсен «Қазақ ұлттық университетінде ядролық білім беру барысы» тақырыбында баяндама жасап, университеттің ядролық білім беру жүйесінің қазіргі ахуалы, зертханалық инфрақұрылымы, практикалық дайындық мүмкіндіктері және адами капиталды дамытуға бағытталған стратегиялық бастамалары туралы мәлімет берді.

Шара Қазақстандағы атом саласы мамандарын даярлауда халықаралық тәжірибе алмасуға, ұлттық кадрлық саясатты жетілдіруге және елдің ядролық энергетика саласындағы әлеуетін нығайтуға бағытталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар