Құқықтанушы ғалымның мұрасы сараландыFarabi University

Құқықтанушы ғалымның мұрасы сараланды

5 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетінде Азаматтық құқық, азаматтық іс жүргізу және еңбек құқығы кафедрасы ұйымдастырған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Заң ғылымының докторы, профессор Көбен Әбжановтың ғылыми мұрасына арналған ауқымды шара «Қазақстан Республикасындағы еңбек қатынастарының, әлеуметтік әріптестік жүйесінің дамуының мәселелері мен перспективалары: теориялық және тәжірибелік аспектілер» тақырыбын арқау етті.

Конференцияда еңбек заңнамасын жетілдіру, әлеуметтік әріптестік жүйесін нығайту мәселелеріне қызығушылық танытқан жетекші заңгер ғалымдар, практиктер, еңбек нарығы мамандары және жас зерттеушілер бас қосты.  

Халықаралық шараны ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов ашып, университет басшысының құттықтауын жеткізді. «Еңбек қатынастарын жетілдіру және әлеуметтік әріптестік жүйесін нығайту – еліміздің әлеуметтік тұрақтылығы мен тұрақты дамуының негізі. Экономика мен еңбек нарығындағы өзгерістер кезеңінде ғылыми талдау мен кәсіби диалогтың маңызы арта түсуде. Профессор Көбен Әбжановтың еңбек құқығы ғылымына қосқан үлесі – осы зерттеулердің сенімді іргетасы», – делінді құттықтауда.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов та конференция қатысушыларына бейнеқұттықтау жолдап, еңбек қатынастарын құқықтық реттеудің өзектілігін атап өтті.

Заң факультетінің деканы Уәлихан Ахатов еңбек нарығындағы жаңа сын-қатерлерге назар аударып, теориялық талдаумен қатар, практикалық шешімдердің де қажеттігін айтты: «Еңбек саласындағы өзгерістер азаматтардың әлеуметтік қорғалуын күшейтуге бағытталған жаңа амалдарды талап етеді. Профессор Көбен Әбжановтың еңбектері осы бағыттағы ғылыми ізденістер үшін мықты негіз болды», – деді ол.

Конференция барысында Қазақстан мен шетелдің белгілі заңгер-ғалымдары еңбек құқығының дамуындағы жаңа бағыттарды, цифрлық экономика жағдайындағы еңбек қатынастарының ерекшеліктерін, әлеуметтік әріптестіктің тиімді үлгілерін талқылады. Пленарлық және секциялық жиындарда еңбек дауларын реттеу, жұмыс беруші мен қызметкердің жауапкершілігі, еңбек қауіпсіздігі, ұжымдық келіссөздер мәдениеті сияқты өзекті мәселелер көтерілді.

Профессор Көбен Әбжановтың ғылыми мұрасы – еңбек құқығы саласының қалыптасуы мен дамуына ерекше үлес қосқан еңбектердің жиынтығы. Оның идеялары мен ғылыми тұжырымдары бүгінгі зерттеушілер үшін бағыт-бағдар болып қала береді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі