Әлихан Бөкейхан – Ұлт Көсемінің 150 жылдық мерейтойына арналған дөңгелек үстел
«Тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» - деп жарық дүниеде «Жасасын Алаш!» деп ұран салып, қазаққа қалтқысыз қызмет еткен, XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарындағы аса ерекше тұлға, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда ұлттық тәуелсіз мемлекеті үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы, Әлихан Бөкейханның туылғанына биыл 150 жыл толып отыр.
Қазақ көсемінің мерейтойына аз да болса үлес қоссақ екен деген оймен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің тарих, археология және этнология факультетінде 1-курс магистранттары т.ғ.д., профессор Оразгүл Хасенқызы Мұхатованың жетекшілігімен «Ұлт көсемі-Әлихан Бөкейхан» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Мақсаты -Алаш ардақтысының мол рухани мұрасының, өшпес идеяларының қазақ қоғамы үшін құндылығын жоймайтындығын дәріптеу, сол арқылы Әлекеңнің ұлт көсемі деген атқа сай екендігін сондай-ақ, тарихи тұлғаның көп қырлы тұстарын аша алсақ деген оймен ұштасып жатты. Дөңгек үстелге т.ғ.д., профессор, ғалым, белгілі алаштанушы Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиев шақырылды. Шараға Тарих археология және этнология факультетінің деканы т.ғ.к., доцент Арман Қабдешұлы Жұмаділ, т.ғ.д., профессор, Талас Омарбекұлы Омарбеков, т.ғ.д., профессор Қалқаман Тұрсынұлы Жұмағұлов, т.ғ.к., доцент Лейла Маралқызы Хасанаева сынды оқытушы-профессорлар қатысып, ой білдірді. Дөңгелек үстелде Әлихан Бөкейханның жеке өмірі, ағартушылық қызметі мен ғылыми еңбектері, сондай-ақ жарияланған мақалаларының ғылыми, қоғамдық құндылықтарын ашатын баяндамалар оқылды.
Дөнгелек үстелде алғашқы болып сөз алған т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА мүше-коорреспонденті Мәмбет Құлжабайұлы Әлихан Бөкейханның тағдырын қазақ ұлтының өмірінен бөліп қарау мүмкін емес екенін айттып сөз бастады. «Ол себебі ұлт-азаттық қозғалыстың көсемі болатын. Кез келген ұлт-азаттық қозғалыстың көсемінің тағдыры осылай қайғылы аяқталған. Тіпті, Ресей аумағындағы ұлттардың Әлихан Бөкейхан сияқты көсемдерінің тағдыры басқаша болуы мүмкін емес еді», - деп өзінің Алаш тарихын зерттеу жылдарындағы құнды деректерімен, тың мәліметтермен бөлісіп, болашақ зерттеушілерге ой сала отырып, «Егер Латын Америкасы үшін Симон Боливар қандай болса, Әлихан Бөкейхан қазақ үшін сондай тұлға. Егер Ататүрік қандай болса, Әлихан қазақ үшін сондай. Егер Махатма Ганди Үндістан үшін қандай болса, Әлихан қазақ үшін сондай тұлға» деген қорытынды жасады.
Келесі болып сөз алған т.ғ.д., профессор, Талас Омарбекұлы Омарбеков «Әр ұлттың өзінің көсемі бар, ал қазақтың көсемі деген атқа тек Әлекең ғана лайықты, және мұны барлық жағынан мойындау керекпіз» - деп атап көрсетті.
Сондай-ақ дөнгелек үстел барысында ф.ғ. к., доцент Аманқос Мектептегі сөз алып, Алаш ардақтылары туралы сөз қозғап, Әлихан Бөкейзанның өз заманындағы баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары туралы ой білдірді. Шара аясында С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің жалпы медицина факультетінің студенттері Ұлт Көсемінің тұлғалық қасиеттері туралы ағылшын тілінде баяндама жасады. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде де Әлихан Бөкейхан еңбектері талданды. Тәуелсіздік асқақ арманы болған тұлғаға арналған бас қосуда қазақтың қара домбырасымен күй шертіліп, ән шырқалды, Ұлт Көсеміне арнау оқылды. Алаш ардақтысына арналған бас қосуды т.ғ.д., профессоры Мұхатова Оразгул Хасенқызы қорытындылады.
Ешкімнің Әлиханға бар ма сөзі,
Демейді қандай қазақ оны оң көзі.
Семей тұрсын, жеті облыс - бар қазақтан,
Талассыз жеке-дара тұр ғой өзі- деп С.Торайғыров айтқандай, Әлекең әрқашан да қазақ жүрегінде жеке дара тұлға.Әлихан Нұрмұхамедұлы көтерген идеялар өлген жоқ. Қайта Алаш рухты жастың бойында, санасында қайта жаңғырып жатыр. Жаңғырып, жасай бермек. Қазақтың шаңырағынан түскен күндей болған ер Әлиханды ел мәңгілікке ұмытпайды. Ұмытпайтыны - Әлиханның идеясы - Алаш идеясы. Ал, Алаштың жолы - біздің жол.
Дөңгелек үстел барысында Әлихан Бөкейханды «Ұлт Көсемі» ретінде мойындау қақында ұтымды ойлар айтылды. Әлихан Бөкейханның қазақ ұлтына жасаған қызметі ұшан теңіз, ұлы тұлғаны «Ұлт Көсемі» ретінде танытар жұмыстарға теңізден тамшы бола алсақ біздегі мақсат орындалды.