ҚазҰУ еріктісі үздік деп танылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Көмек» қоғамдық қорының президенті Жаннел Төлеуғазиева Алматы еріктілер форумында «Үздік ерікті – 2025» номинациясын иеленді. Бұл марапат оның әлеуметтік бастамаларды дамытуға қосқан үлесі және атқарған игі істері үшін тапсырылды.
Шара Халықаралық еріктілер күніне орай, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Форумға әртүрлі еріктілер ұйымдарының жетекшілері, жастар бірлестіктерінің белсенділері, сондай-ақ әлеуметтік және экологиялық жобалармен айналысып жүрген бастамашыл топтардың өкілдері қатысты. Олар тәжірибе алмасып, жаңа жобаларды талқылап, ортақ мақсаттарды жүзеге асыру жолдарын қарастырды.

Марапат иегері Ж.Төлеуғазиева: «Бұл марапат біздің ортақ еңбегіміздің, мейірімділік пен жауапкершіліктің, қоғамға пайда әкелуге деген шынайы ниетіміздің нәтижесі», – деп, еріктілер командасының рөлін ерекше атап өтті.
Форум барысында қаладағы ең белсенді еріктілер мен еріктілер ұйымдарына алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды,.
Сондай-ақ іс-шараға ҚазҰУ-дың «Көмек» және «Ашық жүрек» еріктілер топтары қатысып, әлеуметтік бағыттағы жобалары туралы ақпараттарымен бөлісті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар