Оқушыларға химия олимпиадасы ұйымдастырылдыFarabi University

Оқушыларға химия олимпиадасы ұйымдастырылды

8 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия және химиялық технология факультеті мен Химия-биология мектебі бірлесіп ұйымдастырған Алматы қаласының орта білім беру ұйымдарының 10-11 сынып оқушылары арасындағы тұңғыш «Бірімжанов химия олимпиадасы» мәресіне жетті.

Шараның негізгі мақсаты – мектеп оқушыларының химия ғылымына деген қызығушылығын арттыру, дарынды жастарды анықтап, олардың ғылыми-танымдық әлеуетін дамытуға жағдай жасау. Биылғы олимпиаданың ерекше мәні – оның қазақ химия ғылымының негізін қалаушылардың бірі, көрнекті ғалым, химия ғылымының докторы, профессор, академик Батырбек Бірімжановтың есімімен аталуында. Олимпиадаға қала мектептерінен 180-ге жуық үміткер қатысып, екі кезең бойынша сынаққа түсті.  

Олимпиадаға химия-биология бағытындағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге даярлайтын білім орталықтарының бірі және негізін факультет түлегі Бауыржан Бақытжанұлы қалаған Химия-биология мектебі  қолдау көрсетті.

Барлық қатысушыларға сертификаттар мен алғыс хаттар табысталды.

Үздік нәтижеге қол жеткізген оқушылар арнайы номинациялармен марапатталды. Ал жүлделі үш орынды иеленген алты үздік оқушы дипломдар мен қаржылай сыйлықтарға ие болды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі