Қазақпарат

12 сәуір, 2016

Алматыдағы халықаралық студенттік форумда экология мәселелерін шешу жолдары талқылануда

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Жасыл көпір - ұрпақтан-ұрпаққа» атты V Халықаралық студенттік форум басталды.

ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «ХХI ғасырдағы тұрақты дамудың ғаламдық энергоэкологиялық стратегиясын» және «Жасыл көпір» бастамасын жүзеге асыруды қолдауға арналған бұл шараға шартараптан 500-ге жуық студенттер мен жас ғалымдар қатысуда.  Олардың ішінде Қазақстан, Ресей, Украина, Қытай, Тайланд және басқа елдердің жетекші университеттерінің жас географ, эколог мамандары бар.

«Бұл форумның күн тәртібінде талқыланатын басты мәселелер - экология, қоршаған ортаны қорғау, табиғат байлықтарын тиімді пайдалану, «жасыл экономиканы» дамыту және осы салаларда орын алған өзгерістерді білім үдерісіне дер кезінде енгізіп отыру. Форумда айтылған ұсыныстар, жасалған баяндамалар негізінде арнайы қарар қабылданады», - деді ҚазҰУ Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы, профессор Роман Ященко.

Айта кетелік, екі күнге созылатын форум барысында қатысушылар үш секция бойынша жұмыстар жүргізеді.

«Студент жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және тұрақты дамудың әлеуметтік жобаларын дамыту мәселелері»;

«Тұрақты даму және жасыл экономика мән мәтініндегі «ерекше қорғалатын табиғи аймақтар»; «Жасыл экономикаға» көшу: білім, ғылым және өндірістің өзара әрекеттестігі» тақырыптарында өтетін үш секция барысында барлығы 129 баяндама жасау көзделген.

Форум жұмысы одан әрі жалғасуда.