С.Аронұлының 10 томдық жинағының тұсаукесеріндегі сөзі
Құрметті қонақтар, әріптестер, білім алушы жастар!
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қош келдіңіздер!
Бүгін біз Сүйінбай Аронұлының 210 жылдығына арналған 10 томдық жинақтың тұсаукесерінде жиналып отырмыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт руханиятына ерекше мән беріп:
«Ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетімізді дамыту – елдің болашағын қалыптастыратын басты фактор», – деп атап өткен болатын.
Университет бұл бағытта ауқымды жұмыстарды атқарып, нәтижелі ғылыми жобаларды іске асыруда.
Әлемдік руханияттың жаһандану дәуірінде ұлттық сөз өнерінің дара ерекшеліктерін зерттеу, сақтау және дамыту – аса өзекті міндет.
Сүйінбай Аронұлының шығармашылығы – қазақ әдебиетінің қайталанбас қазынасы.
Оның айтыстары мен толғаулары, жыр-дастандары халқымыздың рухани өмірін бейнелейтін терең мәнге ие.
Ақын өз толғауларында «Сөз – халықтың жүрегіне жол табатын күш» деп пайымдаған.
Осы қарапайым, бірақ мәнді сөздер Сүйінбай шығармашылығының негізгі қағидасын айқын көрсетеді.
Бұдан екі жыл бұрын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Жамбыл атындағы филологиялық ғылыми-зерттеу орталығы бірлесіп ақын мұрасын жинап, жүйелеп, зерттеуге кірісті.
Нәтижесінде бүгінгі күні 10 томдық жинақ жарық көрді.
Бұл жинақта Сүйінбайдың айтыстары, толғаулары мен арнау өлеңдері, жыр-дастандары топтастырылған.
Сондай-ақ ақын мұрасын саралауға арналған ғылыми зерттеулер қамтылған.
Жинақтың ерекшелігі – тек шығармаларды жариялау ғана емес, сонымен қатар олардың тарихи, мәдени, поэтикалық мәнін кешенді түрде көрсету.
Қазақ әдебиетінде ауыз әдебиеті өкілдерінің мұрасын жинап, сақтау, ғылыми тұрғыдан зерттеу міндеті бүгінгі күнде де өзекті.
Осы жинақта Сүйінбайдың Қатаған, Арыстанбек, Тезек төремен айтыстарының мән-мазмұны жан-жақты талданған.
Айтыстармен қатар, Сүйінбайдың жеке толғаулары мен арнау өлеңдері тың зерттеулер арқылы оқырманға ұсынылды.
ХІХ ғасырдағы ақындық мектептің поэтикалық бағытын ашқан, тарихи кезеңді, халық өмірін сөзге сыйғызған Сүйінбай Аронұлының шығармашылығын кешенді түрде зерттеу – біздің маңызды міндетіміз.
Бүгін қолдарыңызға тигелі отырған 10 томдық жинақ – үлкен ізденістің, табанды еңбектің нәтижесі.
Бұл жинақ тек Сүйінбай мұрасын зерттеумен шектелмей, сол дәуірдің үлкен рухани полотносын береді.
Он томдық жинақ әдебиеттанушылар мен жас зерттеушілер үшін ғана емес, жалпы оқырман үшін де құнды рухани қазына.
Болашақта Сүйінбай шығармаларын жаңа бағытта зерттеу жалғасатынына сенімдімін.
Ұлттық сөз өнеріміздің даралығын насихаттау, тарихи мұраны сақтау – ғылыми ортаның міндеті.
Жаңа жинақ құтты болсын, осындай ауқымды ғылыми еңбектер жалғасын таба берсін!
Басқа жаңалықтар