ult.kz

12 сәуір, 2016

Эйнштейн болжамы дәлелденді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қатты дене физикасы және бейсызық физика кафедрасының ұйымдастыруымен Дархан Туенбаев «Гравитациялық толқындарды алғаш тікелей бақылау және advanced ligo детекторлары» атты дәріс оқыды. Алғаш рет гравитациялық толқындар қыркүйекте Луизиана және Вашингтон штаттарындағы LIGO детекторларында тіркелген. Қазақстандық жас ғалым Дархан Туенбаев LIGO коллаборациясы құрамында қызмет етеді. Оның айтуынша, бұл нейтронды жұлдыздар мен қара құрдым сияқты беймәлім нысандарды түсінуге мүмкіндік береді. Аталмыш физикалық құбылыс салмағы Күннен 30 есе үлкен екі қара құрдымның соқтығысуынан пайда болады.

Құбылыс Жерден 1,3 миллиард жарық жылында басқаша айтқанда 1,3 миллиард жыл бұрын болған. Шамаммен осыдан 100 жыл бұрын Альберт Энштейн гравитациялық толқындардың бар екенін болжаған. Сол уақыттан бері ғалымдар Энштейн болжамын дәлелдеуге тырысып келеді. 1969 жылы профессор Джозеф Вебер (Joseph Weber) аталмыш құбылыстың бар екеніне көз жеткізеді. Бірақ, толқындарды тікелей бақылай алмағандықтан, өз тұжырымын дәлелдей алмаған. Бұл жобаны кейінірек 1980 жылдары Калифорния технологиялық институтының профессорлары – Кип Торн (Kip Thorne) мен Рональд Древер (Ronald Drever) және  Массачусетс технологиялық  институтының профессоры Рейнер Вейсс (Rainer Weiss) жалғастырды. Міне, сол бастама отыз жылдай уақыт өткеннен кейін ғана өзінің алғашқы нәтижелерін беріп жатыр.

Дәрісті тыңдаушылардың қатарында мектеп оқушылары, студенттер мен жас ғалымдар, сондай-ақ ҚазҰУ-дың үлкен оқытушы-профессорлық құрамы болды. Дәріс барысында Дархан Туенбаев қатысушылардың бірқатар сұрақтарына жауап беріп,  жақын арада әлемде LIGO детекторларының аналогы пайда болатынын айтты. «Детектордың модификацияланған түрі Virgo  осы жылдың екінші жыртысында Италияда Пизаға жақын маңда іске қосылады деп жоспарлануда. 2018 жылы Жапонияда KAGRA интерферометрі өз жұмысын бастауы мүмкін және Үндістанда LIGO жобасының тағы бір детекторын салу жоспарда бар», – деді Дархан Туенбаев. Сондай-ақ ол LIGO коллаборациясының алға қойған басқа да жұмыс жоспарларымен бөлісті.