Өңірлік форум «Адал білім – адал ұрпақ»
2025 жылдың 8 желтоқсаны күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының меңгерушісі Усеинова Қ.Р. жетекшілігімен білім беру саласында адалдық мәдениетін ілгерілетуге арналған «Адал білім – адал ұрпақ» өңірлік форумы өтті.

Форумның мақсаты – сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған заманауи үрдістер мен тәжірибелерді талқылау, антикоррупциялық саясаттың мемлекеттің тұрақты дамуындағы рөлін бағалау, сондай-ақ ғалымдар, сарапшылар, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдар өкілдері арасында тәжірибе алмасу.
Талқылаудың негізгі бағыттары:
- Антикоррупциялық мәдениетті қалыптастырудағы азаматтық қоғамның, БАҚ-тың және қоғамдық бақылаудың рөлі.
- Антикоррупциялық саясаттың ұлттық модельдері: Қазақстан және шетел тәжірибесі.
- Антикоррупциялық білім беру және мемлекеттік қызметтің этикалық стандарттарын дамыту.
- Мемлекеттік басқаруды цифрландыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту.
- Айқындық пен есептіліктің құқықтық және институционалдық тетіктері.
- Нормативтік құқықтық актілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамасы.
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық стандарттар (БҰҰ, ЭЫДҰ және т.б.)
Форум жұмысына Қазақстан мен шетелдің жетекші ғалымдары, мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық және ұлттық сарапшылар, азаматтық қоғам, оқытушылар, студенттер және бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.
Форум білім беру саласында адалдық, ашықтық және жауапкершілікті ілгерілету жолында күш біріктіруге арналған маңызды алаңға айналды.
"Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық" кафедрасы