Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қытай ғылым академиясының Шыңжаң экология және география институты делегациясымен кездесу өтті.

Іс-шараны ашқан ҚазҰУ-дың Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Есбол Өміржанов Қытайдың жетекші ғылыми орталықтарымен өзара іс-қимылды дамыту университеттің халықаралық қызметіндегі басты бағыттардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, ҚазҰУ мен институт арасындағы көпжылдық серіктестік бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, академиялық алмасуларды кеңейтуге және жас зерттеушілерді даярлауға берік негіз қалайды.

Қытай тарапынан делегацияны Орталық Азия экология және қоршаған орта ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Джилили Абудувайли бастап келді. Өз сөзінде ол жаһандық климаттық сын-қатерлер жағдайында бірлескен зерттеулердің маңызы артып келе жатқанын ерекше атап өтті.
Келіссөз барысында тараптар экологиялық-географиялық мониторинг жүргізу, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, сондай-ақ Қытай ғылым академиясының Шыңжаң экология және география институты тарапынан магистранттар мен докторанттарға гранттар бөлу мүмкіндігін талқылады.

Кездесу қорытындысында тараптар өңірдің экологиялық мәселелерін шешуде кешенді тәсілдің маңыздылығын атап өтіп, ғылыми және академиялық байланыстарды одан әрі тереңдетуге ниетті екендерін растады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар