Қытайтану кафедрасының ғалымдарының ұйымдастыруы және демеушілігімен «Абай шәкірті – 2025» шығармашылық байқауы өттіFarabi University

Қытайтану кафедрасының ғалымдарының ұйымдастыруы және демеушілігімен «Абай шәкірті – 2025» шығармашылық байқауы өтті

6 желтоқсан, 2025

Қытайтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры, белгілі қытайтанушы-ғалым Дәулет Фатимабибі Ноғайқызы өз шәкірттерімен бірге және Алматы қаласы Озат бастауыш мектебі ұжымымен бірлесе отырып Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай шәкірті – 2025» шығармашылық байқауын ұйымдастырды. Бұл тағылымы мол шара жас ұрпақтың ұлттық рухани дүниесін байытуға, Абай мұрасын танып-білуге және мектеп оқушыларының шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталды. Байқауға 1–4 сыныптардан 40 оқушы қатысып, ұлы ойшылдың өлеңдерін, қара сөздерін және тәрбиелік мәні зор шығармаларын мәнерлеп орындады. Байқауды ұйымдастыруға профессордың шәкірттері – Қатбаева Гүлмира, Рахимбаева Гүлнира, Дәнкей Бақнар, Ершат Ардақ, Арман Мәден, Жұлдыз Наурызбекқызы белсенді атсалысып, іс-шараның мазмұндық әрі ұйымдастырушылық сапасын жоғары деңгейде қамтамасыз етті. Фатимабибі Ноғайқызы шәкірттерімен бірге байқауға демеушілік жасап, барлық 40 оқушыға бағалы сыйлықтар табыс етті. Бұл жас талапкерлерді жігерлендіріп, олардың Абай шығармашылығына деген қызығушылығын арттыра түсті. Бұл шара тек бастауыш сынып оқушыларына ғана емес, ең алдымен қазақ ғылымының қара шаңырағы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің академиялық құндылықтарын, ғылыми мектебін және гуманитарлық білім беру дәстүрін көпшілікке паш еткен маңызды мәдени-ағартушылық бастама болды. Фатимабибі Ноғайқызы мен оның шәкірттері университеттің әдістемелік әлеуетін, қоғамға қызмет ету миссиясын және ұлттық руханиятты қолдаудағы белсенді ұстанымын айқын көрсетті. Сонымен қатар, бұл байқау ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі болды. Қытайтану кафедрасының жас зерттеушілері мен магистранттары іс-шара ұйымдастыру барысында кәсіби дағдыларын шыңдап, педагогикалық тәжірибе жинақтап, көпшілікпен жұмыс істеу мәдениетін меңгерді. Олардың өнерлі бүлдіршіндермен байланыс орнатуы мен әділ қазылық етуі жас мамандарды кәсіби тұрғыдан қалыптастырудың маңызды кезеңіне айналды. «Абай шәкірті – 2025» байқауы жас буынның рухани дамуына, Абай мұрасын дәріптеуге және шығармашылық қабілетті дамытуға зор үлес қосты. Сонымен қатар, бұл шара ҚазҰУ-дың ғылыми-академиялық дәстүрін, ұстаз бен шәкірттің бірлескен шығармашылығын және ұрпақтар сабақтастығын паш еткен тағылымды іс-шара ретінде есте қалмақ.