«Мейірімділік мекені» атты қайырымдылық жәрмеңкесі
Дүниежүзілік еріктілер күні — бұл мейірімділік, жанашырлық және адамгершілік құндылықтарын дәріптейтін ерекше күн.
Осы атаулы күнге орай Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы «Мейірімділік мекені» атты қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырды.
Іс-шара кафедра меңгерушісі, профессор м.а. Усеинова К.Р. және заң ғылымдарының кандидаты Турсынкулова Д.А. жетекшілігімен, 1-курс студенттерінің белсенді қатысуымен өткізілді. Бұл күн жас буынның жүрегінде мейірімділік отын жаққан, нағыз қайырымдылық шеңберіне айналды.

Студенттер өз қолдарымен дәмді тағамдар мен торттар әзірлеп, жәрмеңкеге қойды. Әрбір сатып алынған тәтті – тек тағам емес, игі іске қосылған үлес. Жиналған барлық қаражат өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға, соның ішінде әлеуметтік қолдауды қажет ететін балаларға көмек ретінде бағытталатын болады.
Бұл бастама – қарапайым әрекеттердің өзі қоғамда үлкен өзгерістерге жол ашатынын тағы бір дәлелдейді. Мейіріммен жасалған кішкентай қадамдар да айналамыздағы әлемді жылытып, адамдар арасындағы сенімді нығайтады.

Жәрмеңке БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) сәйкес өткізіліп, бірнеше маңызды бағыттарды қамтыды:
— қиын жағдайдағы отбасыларға қолдау көрсету;
— балалардың өмір сүру сапасын жақсарту;
— әлеуметтік теңсіздікті азайту;
— университет, жастар және қоғам арасындағы әріптестікті күшейту;
— азаматтық белсенділікті дамыту және қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру.
Осындай шаралар студенттердің адамгершілік қасиеттерін дамытып қана қоймай, болашақ заңгерлер ретінде олардың әлеуметтік жауапкершілігін де арттырады. Бұл – қоғамға өз үлесін қосуға дайын, жанашыр әрі белсенді жас буынның өсіп келе жатқанын көрсететін жарқын мысал.
Ізгілік өзімізден басталады. Осы игі бастамаға атсалысқан барлық студенттерге, оқытушыларға және қонақтарға үлкен алғыс! Сіздердің мейірімдеріңіз бен қолдауларыңыз арқылы біз бірге шынайы жақсылықтың ордасын қалыптастыра аламыз.
"Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық" кафедрасы