Көрнекті қайраткер, ғалым әрі педагог Төлеген Тәжібаевтың 100 жылдығына ҒАЛЫМ. ҰСТАЗ. ТҰЛҒА

1 наурыз, 2010

23 ақпанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қазақ КСР ғылым академиясының академигі, педагогика ғылымының тұңғыш докторы, профессор, Төлеген Тәжібайұлы Тәжібаевтың 100 жылдық мерейтойы аталып өтті. Ғылым қоғамдастығы мен университет басшылығы Университет тарихы мұражайындағы жаңа галереясында қазақтың көрнекті қайраткері әрі ғалымына арналған экспозициясы алдына гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

Төлеген Тәжібаев - еліміздегі білім жүйесінің дамуына айрықша үлес қосқан Қазақстан тарихындағы кеңестік кезеңнің белгілі тұлғасы. Қазақ КСР үкіметіндегі жарқын тұлғалардың бірі ретінде ұлағатты ұстаз, дарынды ұйымдастырушы бола білді. Ол көреген ойлары мен бар күш жігерін елінің ертеңіне арнады. Т. Тәжібаев өзінің қысқа ғұмырында жоғары оқу орнының қатардағы доцентінен халық ағарту комиссары, Қазақ КСР мәдениет және сыртқы істер министрі қызметіне дейін көтерілді.

- Төлеген Тәжібаев - мемлекеттік қызмет пен ғылыми-педагогикалық жұмысты ұтымды ұштастырудың керемет үлгісін көрсеткен адам. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ үшін оқу орынның қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесінің маңызы зор. Ол университет тарихындағы үшінші ректор болып, Сталиннің қылышынан қан тамған (1948-1954) күрделі тарихи кезеңде басқарғандығын да ескерген жөн, - деді ректор Бақытжан Жұмағұлов.

Т. Тәжібаев еліміздегі тұңғыш ұлттық оқу орынның қалыптасуы мен дамуына айрықша үлес қосты. Ол адамдарға кішіпейілдік көрсету арқылы университеттің кадрлік әлеуетін сақтап әрі қарайғы дамуы үшін жағдай жасады және классикалық үлгідегі қазақ университетінің қалыптасуына бар мүмкіндікті жасады. Мамандарды әр түрлі салада дайындауға баса назар аударып, жас ғалымдарға жан-жақты қолдау көрсетті. Факультеттерде қазақ бөлімдерінің ашылуын жақтап, бастама көтерді.

ҚазҰУ профессоры Сатыбалды Жақыповтың пікірінше Т. Тәжібаев фундаменталды ғылымды дамытпай прогресс болматындығын жете түсінген. Қазақстандағы сол кездегі жалғыз университетті алдыңғы қатарлы ғылыми ойлардың жалаугеріне айналдыруға ұмтылды. «Ол өз күшімен университетте шығыстанушыларды, психологтар мен философтарды дайындай бастады. Дәл осы кісі еліміздегі психология ғылымының даму жолын қалыптастырып, 1947 жылы ҚазҰУ-да психология және логика бөлімдерін ашып, негізін қалады», - дейді профессор.

- Төлеген Тәжібайұлы - өз заманындағы зиялылардың өкілі ретінде қазақ тілі мәселесінің маңызын көтерген алғашқылардың бірі болды. Және бұл «ұлттық мәселенің» жаңа толқынымен күрес кезіне тура келді», - дейді Т. Тәжібаевтың шәкірті, ҚазҰУ профессоры Жолмұхан Түркпен-Ұлы. - Ол қазақ халық педагогикасының негізін салды. Ғылыми зерттеулерінің нәтижесіне сүйенген оның фундаменталды ғылыми еңбектерінде «халықтық педагогика» мен педагогиканың өзара байланысы және сабақтастығы жайлы идеялары көрініс табады.

10 маусымда Алматыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да көрнекті ғалым Төлеген Тәжібаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Жоғары білім берудің қазіргі мәселелері: жетістіктері мен болашағы» атты халықаралық ғылыми практикалық конференциясы болады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі