“Farabi Strong: Тәуелсіз болашақ” жобасыFarabi University

“Farabi Strong: Тәуелсіз болашақ” жобасы

1 желтоқсан, 2025

2025 жылғы 1 желтоқсан күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық» кафедрасының заң ғылымдарының кандидаты Турсынкулова Динара Ахановна 1 курс 110–109 топ студенттерімен бірге Тұрақты даму мақсаттарының ТДМ-3 (Жақсы денсаулық және әл-ауқат) және ТДМ-4 (Сапалы білім) бағыттары аясында, сондай-ақ “Farabi Strong: Тәуелсіз болашақ” жобасы бойынша мәнді іс-шара өткізді.

Осы бастама шеңберінде студенттер мен кафедра оқытушысы Алматы қаласындағы №181 мектепке барып, 10–11 сынып оқушыларымен мазмұнды кездесу ұйымдастырды.

Кездесу барысында оқушыларға нашақорлық, темекі шегу, алкогольге тәуелділік және лудомания сияқты зиянды әдеттердің алдын алу жөнінде ақпараттық-түсіндіру дәрісі оқылды. Дәрісте тәуелділіктің адам өміріне әсер ететін:

  • психологиялық,

  • әлеуметтік,

  • денсаулыққа қауіпті,

  • құқықтық салдары

жан-жақты түсіндірілді. Сонымен бірге, жастарға салауатты өмір салтын ұстанудың артықшылықтары, өз-өзін бақылау, жауапты шешім қабылдау және тәуекелді мінез-құлықтан аулақ болудың маңызы кеңінен айтылды.

Оқушылар жоғары белсенділік танытып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, өз ойларымен бөлісті. Ашық диалог форматында өткен кездесуде қатысушылар арасында сенімді байланыс орнап, маңызды мәселелер бойынша қызу пікірталас ұйымдастырылды. Бұл жастардың тақырыпқа деген үлкен қызығушылығы мен жауапкершілігін көрсетеді.

Осындай профилактикалық іс-шаралар жасөспірімдердің саналы көзқарасын қалыптастыруға, олардың зиянды әдеттерден аулақ болуына, дұрыс өмірлік бағыт таңдауға үлкен ықпал етеді. Сонымен қатар, мұндай жобалар университет студенттерінің де әлеуметтік белсенділігін арттырып, қоғамға пайдалы бастамаларға атсалысуына мүмкіндік береді.

“Farabi Strong: Тәуелсіз болашақ” жобасы аясындағы бұл кездесудің негізгі мақсаты – жас ұрпақ арасында денсаулықты сақтау мәдениетін қалыптастыру, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын дамыту және салауатты қоғамға қадам басу.

 

«Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық» кафедрасы