Түркі тілдерінің құндылығы дәріптелдіFarabi University

Түркі тілдерінің құндылығы дәріптелді

11 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 15 желтоқсан – Түркі тілдерінің әлемдік күніне орай, «Төл тілің – төлқұжатың» атты ғылыми-танымдық шара өтті.

Түркі мұрасына арналған жиынды Түркология және тіл білімі кафедрасы жанындағы «Bengü iz» үйірмесі ұйымдастырды. Оған университеттің түркітанушы ғалымдары мен жастар қатысты.

Шараның басты мақсаты – көне түркі тілінің мәртебесін көтеру, төл тіліміздің құндылығын насихаттау және жастардың тілге деген ғылыми-танымдық қызығушылығын арттыру.

ҚазҰУ жанындағы Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты қолжазбалар бөлімінің меңгерушісі Шынарай Бүркітбаева жиынды ашып, көне түркі жазуын зерттеудің қазіргі ғылымдағы орны мен маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жас зерттеушілердің тарихи жазбаларға деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. «Бүгінгі таңда студенттеріміз түркітану ғылымына, әсіресе Орхон-Енисей ескерткіштеріндегі жазбаларды зерттеуге айрықша қызығушылық танытып отыр. Жастарымыз көне түркі, руна, шағатай жазуларының табиғатын ғылыми тұрғыда зерделеп, зерттеу кеңістігін кеңейтіп келеді», – деді ол.

Басқосуда студенттер көне жазуларды меңгеру бағытындағы еңбектері мен ізденістері жайлы баяндады. Катерина Таран руникалық жазуды лексикалық тәсіл арқылы оқыту жөнінде ой бөліссе, Әнел Асқарқызы Орхон жазбаларына арналған сайт жұмысын таныстырды. Балнұр Қожайхан мен Аяулым Әділжан көне түркі тілінің философиялық қырларын ашып көрсетті. Елдана Табанова түркі халықтарының мәдениетіне арналған сайт жайлы айтты.

Сондай-ақ қатысушыларға «Көне тілім – тірегім» атты ғылыми-танымдық ойын ұсынылып, тіл, тарих және ұлттық құндылықтарға қатысты сұрақтар қойылды. Мамандар көне жазуларды меңгеру – тек тілтанулық зерттеу емес, ұлттық тарихи жады мен мәдени кодты танудың негізгі жолдарының бірі екенін ерекше атап өтті. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі