Айқын

12 сәуір, 2016

Сапалы білім - ел болашағы!

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ елімізде «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығын иеленген жалғыз университет. ҚазҰУ Қазақстанның ЖОО-дары арасында ұлттық рейтингі бойынша бірінші орында. Әйгілі QS (Ұлыбритания) халықаралық рейтинг агенттігінің 2015жылғы 15 қыркүйекте жариялаған зерттеу қорытындысына сәйкес, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті әлемдегі үздік 800 университет арасында 275-ші орынды иемденіп, ең үздік 300 университет қатарына қосылды. Қазақстанда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті EC-TEMPUS, ERASMUSMUNDUS бағдарламалары бойынша қатысушылар саны жағынан алдыңғы орында. Соның арқасында Болон процесінің негізгі қағидалары арқылы еуропалық стандарттарға сай академиялық саясатты дамыту жүзеге асырылып отыр.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті - сұранысқа ие маман даярлауда ғылыми және кәсіби білім беру саласында тәжірибесі мол, үздік жоғары оқу орындарының бірі. Бүгінгі таңда ҚазҰУ білім беру және ғылыми-зерттеу кешенінде ғылыми-зерттеу институттар, ғылыми-технологиялық парктер, әлеуметтік және гуманитарлық бейіндегі орталықтар, сондай-ақ, медицина орталығы мен 15 факультет бар. Құрамына профессорлар, ғылым докторлары, ғылым кандидаттары мен философия докторларынан тұратын екі мың оқытушы кіреді.Жоғары кәсіби білім берудің көп деңгейлі жүйесі бойынша 18,000-нан астам студенттер мен магистранттар еліміздің беделді оқу орнында теориялық және практикалық білім алып жатыр. Студент алмасу және тәжірибе жинау мақсатында бірлескен халықаралық академиялық мобильділік оқу бағдарламаларын оқу үрдісінде қолдану үшін ҚазҰУ шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастыққа мүдделі болып отыр. Әлемнің 418 университеті академиялық мобильділік бағдарламасы бойынша өзара ынтымақтастық қарым-қатынаста жұмыс істейді. Университет кампусында студенттер үшін барлық жағдай жасалған.

Әр факультеттің өз жатақханасы мен асханасы, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, заманауи спорт кешені, бірегей ғылыми кітапхана, жабдықталған әскери бөлімі, өз телерадио және полиграфия кешені, «Smart Health» медицина орталығы, түрлі жастар ұйымдары бар. «Экономика және бизнес жоғары мектебі» - ҚазҰУ-дің 15 факультетінің бірі. Оған: «Менеджмент және маркетинг», «Экономика», «Бухгалтерлік есеп және аудит», «Қаржы» сынды 4 кафедра кіреді. «Менеджмент және маркетинг» кафедрасы бакалавриаттың 4 мамандығы, магистратураның 5 мамандығы мен PhD–дің 5 мамандығы бойынша білім береді. Болашақ мамандарға кафедраның білікті профессорлары, экономика ғылымдарының кандидаттары мен доценттері дәріс береді. «Менеджмент және маркетинг» кафедрасы түрлі жарыстар мен конкурстарға, инновациялық жобаларға белсенді қатысады. Жыл сайын «Mемлекеттік және жергілікті басқару», «Менеджмент», «Маркетинг» мамандықтары бойынша өткізілетін Республикалық пәндік Олимпиадада әл-Фараби атындағы университеттің студенттері жүлделі орындарды иеленеді. Факультетте оқу- баспа зертханасы және электрондық биржа жұмыс істейді. Ғылыми жетістігі мен табысы мол Қазақ Ұлттық Университеті кәсіптік және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру сапасын үдайы арттыруды көздеп, инновациялық орталық құруды мақсат етеді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті білім беру жүйесіндегі инновациялар, ғылыми-зерттеу және тәжірибе саласындағы үлкен жетістіктерді қолданып, жоғары кәсіби және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіби мамандарды дайындайды. Сондай-ақ, ұлттық және адами құндылықтарды негізге ала отырып, Қазақстан дамуының бағытын қалыптастыруға қатысатын бәсекеге қабілетті тұлғатәрбиелейді.

З.Б.Ахметова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, «Менеджмент және маркетинг» кафедрасының доценті, экономика ғылымдарының кандидаты; Н.Б.Шуренов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, «Менеджмент және маркетинг» кафедрасының оқытушысы; A.Ж.Ашкенова, «Экономика және бизнес Жоғары мектебінің» 4 - курс студенті