ҚазҰУ-да AGI ғылыми-зерттеу орталығы ашылды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінде Artificial General Intelligence (AGI) ғылыми-зерттеу орталығы ашылды.
Салтанатты ашылу рәсімін Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық даму жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов, ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сәрсенбек Жүсіпбеков және Қазақ тамақтану академиясының президенті Алмаз Шарман бастап берді.

Ғылыми-инновациялық даму жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов қатысушылар мен қонақтарды құттықтап, соңғы жылдары ҚазҰУ халықаралық жобалар мен академиялық коллаборациялардың негізгі алаңы болғанын атап өтті. Университетте жасанды интеллект, цифрлық модельдеу, биоинженерия, тұрақты технологиялар және «ақылды» инфрақұрылым саласында бірнеше ғылыми орталық құрылды. Олар ел ішінде де, шетелде де мойындалған.

«AGI ғылыми-зерттеу орталығы – осы бағыттағы дамудың логикалық жалғасы. Бұл орталық болашақ ғылыми трендтерін қалыптастыратын зерттеулер үшін ашық алаң: деректерді талдау жүйелерінен бастап, интеллектуалды технологияларға, қолданбалы инженерлік шешімдерден – терең фундаменталды жаңалықтарға дейін, – деді проректор. – Біз тек инфрақұрылым жасап отырған жоқпыз, бұл ғалымдар, магистранттар мен докторанттар үшін зерттеу мүмкіндіктерін кеңейтетін орта».

Ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сәрсенбек Жүсіпбеков AGI орталығының презентациясын өткізді. Бұл орталық Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген жасанды интеллект технологияларына ұлттық басымдық беру тапсырмасына сәйкес құрылды. Орталық AI-ды барлық салаларда жедел енгізу, отандық IT-компанияларды нығайту және Қазақстанды алдағы бес жыл ішінде цифрлық мемлекетке айналдыру міндеттерін көздейді.

AGI Center ғылыми бағыттары кең: AGI, когнитивтік және түсіндірілуге болатын модельдерден бастап, биомедициналық талдау, causal AI, денсаулық, стресс, тамақтану, циркадтық ритмдер, эпигенетика және адамның белсенділігін зерттеуге дейінгі салаларды қамтиды. Орталық командасы бірнеше жобаларды іске асырып жатыр: AmanAI – нейродегенеративті ауруларды диагностикалау және қалпына келтіру жүйесі, ZhurekAI – жүрек-қантамырлық қауіптер мен стресті бағалау платформасы, сондай-ақ OmirAI, SenimAI және Sana – халықтың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартуға арналған цифрлық шешімдер. Бұл жобалар зерттеу идеяларын нақты, өлшенетін және масштабталатын шешімдерге айналдыра алады.
Шара барысында қатысушылар AI кластері мен орталық ресурстарымен танысып, тәжірибелік демонстрацияларды көрді.




Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар