Ректор Қазақстан журналистика академиясы басшылығымен кездесті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Қазақстан журналистика академиясының президенті, профессор Сағымбай Қозыбаев пен академияның вице-президенті, профессор Валерий Жандәулетовті қабылдады.
Кездесу барысында тараптар журналистика саласындағы білім беру сапасын арттыру, университет пен академия арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың медиа саласындағы қазіргі бағыттары мен жоспарларына тоқталды. Ректор оқу ордасындағы журналистика факультеті үшін тәжірибелік білімді күшейтудің, медиа орталықтармен және кәсіби ұйымдармен серіктестікті нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде профессор Сағымбай Қозыбаев Қазақстан журналистика академиясының атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып, жас журналистерге арналған ортақ білім беру жобаларын, шеберлік сабақтары мен тренингтер ұйымдастыру мәселелерін ұсынды. Профессор Валерий Жандәулетов заманауи медиа үрдістерге бейімделу бойынша ұсыныстарын ортаға салды.

Жүздесу өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған нақты бастамалармен қорытындыланды. Тараптар келешекте бірлескен жобаларды іске асыруға, білім мен тәжірибе алмасуды жүйелі түрде жүргізуге уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар