ҚазҰУ «Менің Қазақстаным!» патриоттық шарасын өткізді
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Әскери кафедра студенттері Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай, «Арыстан» лицейіне барып, «Менің Қазақстаным!» патриоттық дәрісін өткізді.
Шара басында лицей оқушыларына еліміздің жетекші жоғары оқу орны – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің және университеттің Әскери кафедрасының тарихы мен қалыптасуы туралы бейнебаян ұсынылды.

Қазақстанның мемлекеттігі мен тәуелсіздігі қалыптасуының негізгі кезеңдері туралы интерактивті таныстырылымда Қазақ хандығының құрылуынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі негізгі тарихи оқиғалар айтылды.
Тарихи викторина барысында 10-11 сыныптардың екі командасы Қазақстан тарихы және еліміздің Қарулы Күштері туралы білімдері бойынша жарысты. Лицей оқушыларының екі командасы да тарихтан терең білімдерін көрсетіп, тең дәрежеде бәсекеге түсті. Тарихи викторинаға қатысушылардың барлығына Әскери кафедра бастығы, запастағы полковник Олег Ажимов естелік сыйлықтар – Қазақстан тарихы және қазақстандық батырлар туралы кітаптарды табыс етті.

Лицейдегі кездесу аясында биыл 100 жылдығы аталып өтетін Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұловаға арналған дәріс те ұйымдастырылды. Оқушыларға Ә.Молдағұлованың өмірбаяны, жауынгерлік жолы және ерлігі туралы фильм көрсетілді. Әскери кафедра студенттері «Анаға хат...» атты театрландырылған қойылым ұсынды. Әскери кафедра студенттері музыкалық флешмоб өткізіп, патриоттық әндерді орындады.

Іс-шара аяқталғаннан кейін «Арыстан» мамандандырылған лицейінің бастығы, отставкадағы генерал-лейтенант Мұрат Майкеев әскери-патриоттық қызметі үшін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Әскери кафедрасының ұжымына және студенттерге алғыс білдірді. Мұндай іс-шаралар ҚазҰУ-дың Әскери кафедрасы мен «Арыстан» мамандандырылған лицейі арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде дәстүрге айналған.




Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар