Келіссөз жүргізу этикасы бойынша ашық сабақ өтті
Жоғары оқу орындарындағы педагогикалық практика аясында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде «Арабтармен келіссөз жүргізу этикасы» тақырыбында ашық сабақ өтті. Дәрісті «Шығыстану» білім беру бағдарламасының докторанты Құрмаш Сырым жүргізді. Оған «Шығыстану» білім беру бағдарламасы бойынша 3-курс студенттері қатысты.
Сабақ барысында докторант мазмұнды презентация ұсынып, онда араб әлемі елдерінде өткен халықаралық конференциялар, келіссөздер мен ресми іс-шараларға жеке қатысуынан алынған түрлі кейістер мен фотоматериалдар қамтылды. Кәсіби тәжірибеден алынған нақты мысалдар студенттерге іскерлік коммуникацияның теориялық үлгілерінің нақты дипломатиялық және іскерлік ортада қалай жүзеге асатынын көруге мүмкіндік берді.
Сабақтың негізгі мақсаты араб-мұсылман іскерлік коммуникациясы этикасының басты қағидаттарын, келіссөз жүргізу ерекшеліктерін, сондай-ақ өзара әрекеттесу үдерісіндегі мәдени және діни нормалардың рөлін ашу болды. Студенттер араб қоғамының негізгі құндылықтарымен, сенім орнату стратегияларымен, диалог жүргізу ережелерімен, вербалды емес қарым-қатынас аспектілерімен және іскерлік этикеттегі қонақжайлылықтың маңызымен танысты.
Құрмаш Сырым келіссөздердің ресми кешкі ас форматына өтуіне ерекше назар аударды. Араб мәдениетінде мұндай кездесу келіссөз үдерісінің дербес әрі маңызды кезеңі ретінде қарастырылады. Оның айтуынша, ресми кешкі ас сенімді атмосфера қалыптастырып, бейресми пікір алмасуға жол ашады және көп жағдайда алдын ала келісімдерге қол жеткізуге ықпал етеді. Докторант осындай кездесулер барысында тараптардың негізгі ұстанымдарын нақтылап, әріптестік қатынастарды нығайтатыны жөнінде жеке байқауларымен бөлісті.
Сабақтың практикалық бөлімі нақты кейстерді талдауды, рөлдік келіссөз элементтерін және мәдени мінез-құлық үлгілерін талқылауды қамтыды. Студенттер мәдени тұрғыдан шартталған келісім мен бас тарту формаларын ажыратуды, коммуникативтік кедергілерді талдауды және күрделі дипломатиялық жағдайлардан сәтті шығу мысалдарын қарастырды.

Араб іскерлік этикетінің атмосферасына тереңірек бойлау мақсатында докторант сабақтың мәдени элементін ұйымдастырып, Алматы қаласындағы араб асханаларында ұсынылатын Араб Халиж аймағының ұлттық тағамы – манди ұсынды. Дәм тату студенттерге шығыстық қонақжайлылық дәстүрлерін тек теория жүзінде ғана емес, тәжірибе арқылы да сезінуге мүмкіндік берді.
Сабақ қорытындысы бойынша студенттер араб іскерлік коммуникациясының формалды және бейформалды қарым-қатынастың тығыз байланысына негізделетінін, ал келіссөздердің әрбір кезеңі, соның ішінде ресми кешкі ас та маңызды функционалдық рөл атқаратынын атап өтті. Қатысушылар мәдени нормалар мен этикетті білу өзара әрекеттесуді едәуір жеңілдетіп, ұзақ мерзімді әріптестік қатынастар орнатуға ықпал ететінін тілге тиек етті.
Докторант Құрмаш Сырымның ашық сабағы болашақ шығыстанушылар үшін құнды практикалық-бағдарланған тәжірибе болды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар