«Жасыл көпір ұрпақтан-ұрпаққа» жобасы алға басуда
ҚазҰУ-да мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «ХХI ғасырдағы тұрақты дамудың ғаламдық энергоэкологиялық стратегиясы» мен «Жасыл көпір» бастамасын жүзеге асыруды қолдауға арналған «Жасыл көпір ұрпақтан-ұрпаққа» атты V Халықаралық студенттік форумы өтті.
География және табиғатты пайдалану факультетінің тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасы және жастар ұйымдарының комитеті ұйымдастырған іс-шараның негізгі мақсаты студенттер мен жас ғалымдарды «жасыл экономика» үрдісін дамытуға қатыстыру, тұрақты дамуды қамтамасыз ететін және экологиялық бастамаларды орындау саласындағы студенттік ұйымдармен тәжірибе алмасу, қарым-қатынасты нығайту.
Халықаралық институттар мен ұйымдардың, соның ішінде ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ (ОБСЕ), Алматы қаласы әкімдігі, Қазақ-неміс университеті, «жасыл» экономика мен экологияның аспектілерін дамытатын «Car@wan» желісі өкілдерінің форум жұмысына асқан қызығушылық танытқандары анық байқалды. Баяндамашылар, студенттер мен жас ғалымдар Қазақстанның, Ресейдің, Венгрия мен Египеттің 36 университінен келіп, экологияның барлық маңызды аспектілерін, экологиялық қауіпсіздікті, Қазақстанның жасыл экономикасын сөз етті.
Аталмыш іс-шарада үш өзекті бағыт бойынша жұмыс жасалды: «Тұрақты даму үшін әлеуметтік жобаларды алға бастыру және студенттерде экологиялық мәдениеттің қалыптасу проблемасы»; «Тұрақты даму және жасыл экономика мәнмәтініндегі «ерекше қорғалатын табиғи аймақтар»»; «"Жасыл" экономикаға өту: білімнің, ғылымның және өндірістің өзара әрекеттестігі».
Форумның жабылуында резолюция ұсынылып, «Жандану Әлемі» қоғамдық қоры үздік жұмыстарға сыйлықтар тапсырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тұрақты даму
бойынша ЮНЕСКО кафедрасының
меңгерушісі Ященко Р.В.