Адалдық – адам болмысының ең асыл қасиеті. Адал адам – өз ұлты мен қоғамның тірегі. Ал адал азамат болу – жай ғана мінез емес, тұтас бір тәрбиенің нәтижесі. Себебі адалдық жүрекке бір сәтте ұяламайды, ол бала жастан өнеге мен еңбек арқылы қалыптасады.
Адалдық – көзге көрінбейтін, бірақ жүректен танылатын қасиет. Ол шындықты айтуда, уәдеге берік болуда, өз ісіне жауапкершілікпен қарауда байқалады. «Адал адам – арының құлы, арам адам – малының құлы» деп халық тегін айтпаған. Нағыз азамат – өз пайдасын емес, ел мүддесін ойлаған адам.
Қазіргі қоғамға дәл осындай адал азаматтар қажет. Өйткені адалдық бар жерде әділдік орнайды, сенім күшейеді, мемлекет дамиды. Ал адалдық жоғалған жерде сатқындық, жалғандық, жемқорлық белең алады. Сол себепті адал болу – тек жеке қасиет емес, қоғамдық жауапкершілік. Адал азамат – тәрбие мен рухтың жемісі. Мұндай тұлғаны қалыптастыратын ең алдымен – отбасы.
Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі барлық білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысы «Адал азамат» атты біртұтас бағдарлама негізінде жүргізіліп келеді. Бұл бұрын жүзеге асырылған «Біртұтас тәрбие тұжырымдамасының» жалғасы, бірақ мазмұны жаңартылып, Мемлекет басшысының «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» идеологиялық қағидасымен үндестірілген. Бағдарламаның түпкі мақсаты – қоғамның мызғымас тірегі, отаншыл, білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу; әділеттіліктің, адамгершіліктің, жауапкершілік пен еңбексүйгіштіктің айқын бейнесі болатын адал азаматты қалыптастыру.
Тәрбие жұмысын жүзеге асыруда мемлекеттік органдармен, құқық қорғау, денсаулық сақтау, ішкі саясат салаларымен өзара бірлесе қызмет атқару – басты мақсаттардың бірі.
Колледжімізде ай сайын «Адал азамат – біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында көптеген іс-шаралар өтуде. Заң және тәртіп бағыты бойынша колледждің заңгер мамандығының оқытушылары күнделікті өмірде заң нормаларын дұрыс қолдану, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында дәрістер мен кездесулер ұйымдастыруда. Сонымен қатар медицина орталығының мамандары суицид, лудомания, АИТВ/ЖИТС (ВИЧ/СПИД) тақырыптарында жүйелі түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.
Гүлжан ЫДЫРЫСОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ колледжінің оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Басқа жаңалықтар