ҚазҰУ-да болашақтағы мамандықтар жәрмеңкесі өтті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Future Skills Expo: болашақтағы мамандықтар» атты мамандықтар жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға ҚазҰУ жанындағы мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысып, университеттің озық ғылыми-инновациялық орталықтарының жұмысымен танысты.
Шара барысында қатысушылар жасанды интеллект, робототехника, цифрлық технологиялар және ғарыштық зерттеулер бағытындағы заманауи құрал-жабдықтардың жұмысын көзбен көрді.
Экскурсия аясында оқушылар мен студенттер аралаған жетекші орталықтың бірі – Farabi Supercomputer Center. Бұл кешен цифрлық егіздерді әзірлеу, жасанды интеллект технологияларын дамыту, ауқымды ғылыми есептеулер жүргізу, IoT және Smart-технологиялар объектілерін басқару үшін пайдаланылады. Суперкомпьютер еліміздің ғалымдарына үлкен деректермен жұмыс істеуге және мемлекеттік деңгейдегі түрлі модельдеулер жүргізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар қатысушылар KUKA Robotics инжинирингтік құзыреттер орталығының жұмысымен танысты. Орталық Индустрия 5.0 бағытында автоматтандыру, роботтандыру, цифрландыру және жасанды интеллектіге негізделген мамандарды даярлауға, қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға бағытталған. Мұнда ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізіліп, жобалар прототиптері әзірленіп, коммерцияландыруға ұсынылады.
Жәрмеңке бағдарламасында Huibo Robotics шеберханасына да ерекше назар аударылды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында Цифрлық технологиялар және робототехника халықаралық институты мен Робототехника орталығы ресми түрде ашылған. Жалпы аумағы 600 шаршы метрді құрайтын орталықта виртуалды зауыт, өнеркәсіптік роботтарды бағдарламалау жүйесі, жасанды интеллект пен машиналық көру платформалары, сондай-ақ күрделі бионикалық қозғалыстарға қабілетті Unitree Go2 Pro роботтары орнатылған. Қазіргі таңда орталықта 13 заманауи робот жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, қатысушылар Farabi GIS және Farabi Space ғылыми-зерттеу орталығының қызметімен танысып, геоақпараттық жүйелер мен ғарыштық зерттеулер саласындағы жобалар туралы да мол ақпарат алды.
Future Skills Expo жәрмеңкесі шеберлік сабақтары, көрсетілімдер мен экскурсиялар арқылы жастардың болашақ мамандығын дұрыс таңдауына жол сілтеп, ғылым мен технологияға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар