ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық және Алматы қаласының 1000 жылдық мерейтойлары қарсаңында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ежелгі түркітектес халықтардың мерекесі әз-Наурыз мейрамы кең көлемде атап өтілді. Университеттегі профессор-оқытушылар құрамы мен студент жастардың атсалысуымен өткен мерекеге Қытай, АҚШ, Түркия, Иран, Испания, Франция, ГФР, Корея, Индия және т.б. мемлекеттер елшіліктерінің бас консулдары және БҰҰ, ЭСКАТО, АӨЫСШК ұйымдарының Қазақстандағы өкілдері қатысты.
Жаңару мен өркендеудің мейрамы болған Наурызды ҚазҰУ әр жыл сайын жаңашылдықпен қарсы алады. Биылғы жылы арнайы шақырылған қонақтарға ҚазҰУ қалашығында жаңадан бой көтеріп, қолданысқа берілгелі отырған 25 метрлік жүзу бассейнінің ғимараты таныстырылды. Салынған ғимарат құрылысы мемлекеттік жеке серіктестікпен бірігіп іске асырылған. Алдағы уақытта бұл бассейнді университет студенттері мен өзге де қала тұрғындары игілігіне жарата алады.
Сондай-ақ, кампустағы «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы да шетелдік қонақтардың назарынан тыс қалмады. Орталық жөнінде Қытай елінің Қазақстандағы бас консулы Чжан Вей: «университет көлемінде сервистік қызметтерді ұйымдастырып, бір тұстан, бір мезетте жүзеге асыру – әлемдегі өзге үздік унисерситеттерге үлгі болатын іс»,-деп шынайы ықыласын білдірді.
Ырыс пен ынтымақтың жаршысына айналған мерекеге арнайы 25-тей киіз үй тігіліп, жиылған көпшілікке ұлттық тағамдармен көмкерілген ақ дастарқан жайылды. Мерекелік шараның басын ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов ашты. Ол: «Наурыз мерекесі – ұлтымыздың осы күнге дейін жеткен сындарлы жетістіктері, қуанышты жеңістерімен үндескен мереке. Достық пен келісім, сенім мен түсіністік басты ұстанымы болған қазақ елін көркейткен Елбасымыздың еңбегінің арқасында жаңа жылды жаңа жетістіктермен жарқын болашаққа деген сеніммен қарсы алып отырмыз»-, деп сөз бастап, жиылған көпшілікке жүрекжарды тілегін жеткізді.
Жиын барысы одан әрі университет студенттері мен көркемөнерпаздар үйірмелерінің мүшелері дайындаған «Наурыз-Нұрлы жол» атты мерекелік концертпен жалғасын тапты. Өнерпаздар атынан аталмыш мейрамды әспеттейтін «Бәйтерек», «Самұрық», «Күн», «Жақсылық пен жамандық», «Жердің оянуы», «Жеті дәннің туылуы», «Жібек жолы», «Алматыға 1000 жыл» атты музыкалық-театрландырылған қойылымдары қойылды. Домбырадан күмбірлі күй төгіліп, би биленіп, өнерлі жастардың сыйы ретінде әуезді әндер әуеледі.
Университет басшылығы мен мейрамның құрметті қонақтары бірігіп, еліміз бен өзге мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынас ұлғая берсін деген ниетпен қалашықтағы «Бақша әлеміне» жас теректер отырғызды.