ҚазҰУ жетістіктері Дубайда таныстырылды
Дубайда «Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы экономикалық серіктестік: цифрландыру және жасанды интеллект жағдайында тұрақты дамудың стратегиялары» атты халықаралық ғылыми форум өтті.
Шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебі мен Murdoch University бірлесіп ұйымдастырды. Форум жұмысына Қазақстан Республикасының Дубайдағы Бас консулдығы қолдау көрсетті.
Жиынға Қазақстан мен БАӘ университеттері, мемлекеттік органдары және бизнес саласының өкілдері қатысты. Конференцияда ғылым, білім және экономика саласындағы заманауи мәселелер мен екіжақты ынтымақтастық бағыттары талқыланды.
Ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Дубайдағы бас консулы Алмаз Тасболат құттықтау сөз сөйлеп, халықаралық ғылыми диалогтардың Қазақстан мен БАӘ арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға, сондай-ақ ғылыми және эксперттік өзара әрекеттестік арналарының тұрақты қалыптасуына үлес қосатынын атап өтті.
Онлайн форматта қатысқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық мәселелер жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов университеттің халықаралық академиялық ынтымақтастықты тұрақты дамытатынын және ғылыми зерттеулерді жаһандық ғылыми кеңістікке интеграциялауға басымдық беретінін айтты. Оның сөзінше, қазіргі заманғы сын-қатерлер университеттер, бизнес және мемлекеттің күш-жігерін біріктіруді талап етеді. Дубай форумы бірлескен ғылыми жобаларды дамыту және қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық аренадағы беделін нығайту үшін маңызды алаң болды.
Murdoch University Dubai академиялық президенті, профессор Michael Gallimore қазақстандық университеттермен серіктестікті кеңейтудегі қызығушылығын білдіріп, ҚазҰУ-дың жоғары ғылыми әлеуетін атап өтті. Ол тұрақты даму, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық қазіргі заманғы жоғары білімнің жаһандық басымдықтарына сай келетінін айтты.
Сараптық дискуссия аясында «Halyk орманы: Қазақстандағы цифрлық экостратегия, тұрақты даму және халықаралық серіктестік дәуірінде» тақырыбында «Halyk» қорының басқарушысы, экономика ғылымының кандидаты, доцент Нариман Әбілшаиқов сөз сөйледі.
ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы Жанна Ермекова «Цифрлық Қазақстанның болашағы: тұрақты даму және жаһандық ынтымақтастық» тақырыбында баяндама жасап, жасанды интеллект құралдарын мемлекеттік және корпоративтік басқаруға интеграциялаудың маңыздылығын атап өтті.
Форум барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Murdoch University, Q University және басқа да жоғары оқу орындарының ғалымдары мен өкілдері өз пікірлерін білдірді. Шара қорытындысында қатысушылар бірлескен зерттеулер, академиялық мобильдік және тәжірибе алмасу Қазақстан мен БАӘ арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, ғылым мен білімнің дамуына үлес қосатынын атап өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі