Білім беру көкжиегінде: ACCELS пен ҚазҰУ
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Флагман» бағдарламасы: деңгейлік сертификация форматындағы тілдік дайындық» халықаралық ғылыми-әдістемелік конференциясы өтті.
АҚШ-тың мемлекеттік «Флагман» білім беру жобасы екінші оқу жылы қатарынан американдық студенттерге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да орыс тілінде күнделікті қарым-қатынас орнатудың мүмкіндігін ұсынып отыр. Филология және әлем тілдері факультетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Висконсин, Калифорния, Орегон, Пенсильвания және т.б. штаттардан келген студенттер білім алуда.
Халықаралық білім беру бойынша американдық кеңестің президенті (ACCELS), профессор Дэн Дэвидсон: «Флагман» бағдарламасы басшыларының әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды таңдау себебі мейлінше анық: ҚазҰУ-да орыс тілі бойынша теориялық, оқу және әдістемелік жұмыстары бар әлемдік деңгейдегі ғалымдардың, орыс тілінің білікті оқытушыларының тәжірибелі ұжымы қызмет етеді», – деп пікір білдірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев «Флагман» білім беру бағдарламасының өте сәтті жүргізіліп жатқандығын, американдық студенттердің дәрістерге қатысып, оқу топтарында білім алып жүргендіктерін, мамандықтары немесе қызығушылықтары бойынша спецкурстар тыңдап, өндірістік практика барысында да белсенділік танытатындығын атап өтті.
«Флагмандық студенттердің өндірістік практикалары әртүрлі мекемелер мен ұйымдарда өтеді. Мен практика кезінде орта мектепте болдым: «тарих» пәні бойынша сабақ жүргізіп, мұғалім қызметінің жауапкершілігін түсіндім. Бізге беріп жатқан білімдері үшін Қазақ ұлттық университетінің оқытушыларына алғыс білдіремін», – дейді Мариса Ирвин.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Элеонора Сүлейменова: «Американдық студенттер мектептерде сабақ өтіп, мәдени шаралар өткізеді, мұражайларда жұмыс жасайды, орман шаруашылығында селекционерлерге көмектеседі, Биология және биотехнология мәселелері, Экология мәселелері ғылыми-зерттеу институттарында ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындайды, «Іскери Қазақстан» және «Айқын» газеттерінің редакцияларында қызмет етеді», – деді.
«Флагман» бағдарламасы аясында американдық студенттер қазақ тілі мен мәдениетін оқуға ерекше мән беруде. Бұл мүмкіндіктің түркі тілдері мен түркі мәдениетінің кең әлеміне жол салатындығын флагмандықтар жіті түсінеді. Конференцияда американдық студенттер «Көзімнің қарасы» және «Сұлу қыз» әндерін қазақ тілінде орындады.
ACCELS-тің ағылшын тілділерге арналған қазақ тілі бойынша танымал оқыту бағдарламасының бастамашысы және дайындаушысы болғандығын айта кету керек: «Central Asian News Broadcasts» және «Windows on Central Asian Culture» он бір модульдік веб-курстың екі сериясы дайындалды. Веб-курс үнемі жаңарып, жетілдіріліп отырады. Осы веб-курстың арқасында қазақ тілін үйренуге ниеттілер жиырма жыл бойы тегін білім алып келеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ACCELS-тің шетелде қазақ тілін қолдап, қазақ тілі мен мәдениетін зерттеуге қызығушылық танытқан тұлғаларды оқу материалымен қамтамасыз ету барысындағы еңбегін ерекше бағалайды. ҚазҰУ қазіргі қоғамның студенттік жастары арасындағы үштілдік саясатты қолдайды және үштілдік білім берудің сәтті үлгісін көрсетіп келеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Баспасөз қызметі
8 (727) 377 31 48 / 49