«Алматы қаласының атмосфералық ауа сапасы бойынша аналитика» семинарыFarabi University

«Алматы қаласының атмосфералық ауа сапасы бойынша аналитика» семинары

19 желтоқсан, 2025

10 қарашада Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ғылым академиясы және Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп, форсайттық зерттеулер аясында Алматы қаласының атмосфералық ауа сапасына арналған семинар-тренинг өткізілді. Қатысушылар саны – 56 адам. Іс-шараға ғылыми, академиялық және бизнес қауымдастықтарының өкілдері қатысты.

Қатысушылар қаланы деректерге, ғылымға және цифрлық технологияларға негізделген басқару арқылы «ақылды» және орнықты мегаполис моделіне көшіру қажеттігін атап өтті. Негізгі сын-қатерлер ретінде ауаның аса жоғары деңгейде ластануы және қалалық ортаның жоғары сейсмикалық осалдығы аталды.

Сарапшылардың айтуынша, қыс мезгілінде Алматыда PM2.5 концентрациясы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) нормаларынан ондаған есе асып түседі. Ластанудың негізгі үлесін автокөлік пен жылыту көздері құрайды, алайда соңғы уақытта HoReCa секторының, әсіресе қаланың орталық аудандарындағы жергілікті әсері айқын байқала бастады. Осыған байланысты заманауи сүзгілеу технологияларын, цифрлық мониторингті және жасыл сертификаттауды қамтитын «Таза HoReCa» тұжырымдамасы, сондай-ақ «ақылды ауа» экожүйесін қалыптастыру ұсынылды. Бұл сектордың қоршаған ортаға тигізетін әсерін азайтуға бағытталған шаралар ұсынылды. Аталған бастама БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының №13 «Климаттың өзгеруіне қарсы күрес» мақсатына тікелей сәйкес келеді және қазіргі заманғы климаттық сын-қатерлерді еңсеруге академиялық қауымдастықтың қолданбалы үлесі ретінде қарастырылады.