Цифрлық қауіпсіздік және интернет-алаяқтықтың алдын алу
2026 жылғы 11 қарашада Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Медицина және денсаулық сақтау факультетінде «Цифрлық қауіпсіздік және интернет-алаяқтықтың алдын алу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға «Қоғамдық денсаулық» білім беру бағдарламасының 3, 4 және 5-курстарында оқитын 50 студент қатысты. Іс-шараны ұйымдастырушы: куратор-эдвайзер Арынова Г.А.
Дөңгелек үстелдің мақсаты студенттерге интернет-алаяқтықтың белгілерін ажыратуды, жеке деректерін қорғауды және күмәнді жағдайларда дұрыс әрекет етуді үйрету болды. Кездесуде жалған сілтемелер, банк немесе жеткізу қызметі атынан жасалатын қоңыраулар, сондай-ақ бір реттік SMS-код пен банк картасының деректерін алуға бағытталған алдау тәсілдері талқыланды.
Практикалық бөлімде студенттер күнделікті өмірде кездесуі мүмкін жағдайларды қарастырды. Олардың қатарында университет поштасының құпиясөзін сұрайтын жалған хат, жатақханадағы орынды сақтау үшін жеке картаға ақша аудару туралы хабарлама және курьер атынан қоңырау шалып, 1414-тен келген кодты сұрау сияқты кейстер болды. Қатысушылар әр жағдайдағы күдік тудыратын белгілерді анықтап, хабарламаны ресми арна арқылы қалай тексеруге болатынын және құпия дерек беріліп қойған жағдайда қандай қадамдар жасау керектігін талқылады.
Талқылау барысында бейтаныс адамның нұсқауымен ақша аудармау, бір реттік кодтарды жарияламау және күмәнді хабарламадағы ақпаратты ұйымның ресми байланыс арналары арқылы тексеру қажеттігі атап өтілді.