«Жаһанға кетсін жаңғырық»Farabi University

«Жаһанға кетсін жаңғырық»

5 қараша, 2025

2025 жылы 5 қарашада “Керемет” студенттерге қызмет көрсету орталығының кинозалында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультеті студенттерінің қатысуымен «Жаһанға кетсін жаңғырық» атты әдеби-поэзиялық кеш өтті. Аталған тәрбиелік іс-шараны ұйымдастырушы, куратор-эдвайзер – Бисенбаев Пазылбек.

Іс-шараның негізгі мақсаты – студент жастардың әдебиет пен поэзияға деген қызығушылығын арттыру, көркем сөз арқылы рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу, ұлттық мәдениетке деген құрмет сезімін қалыптастыру, сондай-ақ шығармашылық ойлау қабілеттерін дамыту. Әдеби-поэзиялық кеш студенттердің эстетикалық талғамын қалыптастыруға, ішкі рухани дүниесін байытуға бағытталды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жүргізілетін тәрбие жұмыстарының басты бағыты – кәсіби біліммен қатар рухани тұрғыдан жетілген, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, мәдениеті жоғары, интеллектуалды тұлғаны қалыптастыру деп белгіленген. Осы мақсатта университет көлемінде мәдени-тәрбиелік бағыттағы түрлі іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. «Жаһанға кетсін жаңғырық» атты әдеби-поэзиялық кеш те осы тәрбие жұмыстарының мазмұнды жалғасы ретінде өткізілді.

Аталған кеш барысында студенттер қазақ әдебиетінің таңдаулы шығармаларынан өлеңдер оқып, көркем сөз арқылы өз ой-толғамдарын ортаға салды. Әдеби кеш студенттердің шығармашылық белсенділігін арттырып, олардың сахна мәдениетін, сөйлеу мәнерін, эстетикалық талғамын дамытуға ықпал етті. Сонымен қатар шара барысында поэзияның адам өміріндегі орны, әдебиеттің тұлға қалыптастырудағы рөлі туралы ойлар айтылып, студенттер арасында пікір алмасу жүргізілді.

Ұлттық рух пен рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған мұндай тәрбие сағаттары студент жастардың бойында қазақстандық патриотизмді, ұлттық мақтаныш сезімін қалыптастыруға, мәдени-әдеби мұраға деген құрметті арттыруға ықпал етеді. Әдеби-поэзиялық кеш студенттердің бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруға, рухани тұрғыдан дамуына және шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік берді.

Іс-шара барысында жас ақындар өз өлеңдерін оқып, талантты жастар аудиторияны ән мен күйге бөледі.
Кеш соңында жас талапкерлерге алғыс хат пен сыйлықтар тапсырылды.

Қорыта айтқанда, «Жаһанға кетсін жаңғырық» атты әдеби-поэзиялық кеш форматында өткізілген тәрбие сағаты өз мақсатына жетіп, студенттердің рухани-мәдени дамуына оң әсерін тигізген тәрбиелік іс-шара ретінде бағаланды.