Жаңа технологияларға басымдық беріледі
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Қытай Халық Республикасы Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданының (ШҰАР) Ғылым және технологиялар департаментінің делегациясы сапармен келді. Делегацияны департамент басшысының орынбасары Джилили Хэлили бастап келіп, университет басшылығымен кездесті.
Құрметті меймандарды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма мүшесі – ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов қабылдады.
Проректор университеттің академиялық алмасуларды кеңейтуге, профессорлар мен студенттерді тартуға, цифрлық технологиялар, робототехника және қолданбалы зерттеулер саласындағы жобаларды дамытуға дайын екенін атап өтті.
Өз кезегінде ШҰАР Ғылым және технологиялар департаменті басшысының орынбасары Джилили Хэлили жылы қабылдау үшін ризашылық танытып, ҚазҰУ-мен ғылыми-технологиялық өзара іс-қимылды нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Ол ШҰАР Халық үкіметінің құрамына кіретін өңірлік атқарушы орган ретінде департаменттің инновациялық даму стратегиясын іске асыруға, ғылыми-техникалық жоспарлар қалыптастыруға, инфрақұрылымды қолдауға және технологиялар трансферіне басымдық берілетінін мәлімдеді. Сөз соңында бірлескен ғылыми-зерттеу платформаларын құру және жобаларды үйлестіру бағытында ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді.
Пікір алмасу барысында тараптар алдағы өзара іс-қимылдың нақты бағыттарын талқылады. Олардың қатарында академиялық алмасу бағдарламаларын дамыту, бірлескен зертханалар мен қолданбалы жобаларды іске қосу, соның ішінде ауыл шаруашылығы, экология және энергия тиімді технологиялар салаларындағы бастамалар бар. Ынтымақтастық ҚазҰУ-дың Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарымен қалыптасқан байланыстарына және бірлескен білім беру бағдарламалары мен зерттеу бастамаларын жүзеге асыру тәжірибесіне сүйеніп, жүзеге асырылмақ.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі