ҚазҰУ қызметкерлері Жапонияда тағылымдамадан өтті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлері Жапониядағы Цукуба университетінде ғылыми-білім беру тағылымдамасынан өтті. Тағылымдама жапон тарапының шақыруымен Campus-in-Campus бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, екі жоғары оқу орны арасындағы жаһандық Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) іске асыруға бағытталған ынтымақтастықты нығайтуға арналды.
Тағылымдамаға ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультеті Рекреациялық география және туризм кафедрасының өкілдері қатысты. Атап айтқанда PhD candidate, аға ғылыми қызметкер Елдар Нұрұлы, PhD, аға ғылыми қызметкер Ақмарал Сапиева, магистрант, кіші ғылыми қызметкер Динара Нұрқызы және докторант, оқытушы, ғылыми қызметкер Аида Қалиева тағылымдамадан өтті.
Бағдарлама тұрақты дамудың басым бағыттары негізінде құрылып, экологиялық мониторинг, табиғи ресурстарды басқару, орнықты туризм, аумақтық жоспарлау, сондай-ақ геоақпараттық технологиялар мен цифрлық талдау әдістерін қолдану мәселелерін қамтыды. Тағылымдаманың практикалық бөлігі Цукуба университетінің профессорлары мен зерттеу топтарымен өткен мақсатты жұмыс кездесулері арқылы жүзеге асырылды.
Профессор Такаси Мацусимамен өткен кездесуде табиғи және аумақтық үдерістерді талдаудағы инженерлік және ақпараттық тәсілдер, геокеңістіктік деректерді пәнаралық зерттеулерге интеграциялау мүмкіндіктері талқыланды. Профессор Фатва Рамдани жетекшілік ететін зертханада ГАЖ және кеңістіктік талдау құралдарын тұрақты даму, экологиялық саясат және қоршаған ортаға әсерді бағалау салаларында қолдану мәселелері қарастырылды.
Сондай-ақ профессор Кэйсукэ Мацуймен туризм географиясы мен мәдени ландшафтарды зерттеу мәселелері талқыланды. Доцент Ахамед Тофаэлмен өткен кездесуде ауыл шаруашылығы мен экологиялық зерттеулерде машиналық оқыту, жасанды интеллект және қашықтан зондтау технологияларын пайдалану мүмкіндіктері сөз болды. Профессор Джоэл Бандибаспен кездесу барысында геологиялық қатерлер, жанартаулық тәуекелдер және табиғи апаттардың алдын алу үшін ақпараттық жүйелерді әзірлеу мәселелері талқыланды.
Тағылымдама аясында ҚазҰУ делегациясы NipCA жобасының зерттеулерімен танысып, Жер ғылымдары және табиғи апаттардың алдын алу жөніндегі ұлттық ғылыми-зерттеу институтында (NIED), сондай-ақ GSI және Geological Museum музейлерінде болды. Практикалық кезең Цукуба, Токио қалаларында және Ибараки префектурасында далалық бақылаулармен жалғасты.
Тағылымдаманың қорытынды кезеңінде Цукуба университеті мен ҚазҰУ өкілдерінің қатысуымен гибридті форматта қорытынды презентация өткізіліп, бірлескен ғылыми жобалар мен білім беру бағдарламаларын дамыту бойынша ұсыныстар айтылды.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар