ҚазҰУ профессоры Ватикан архивтерінде ғылыми зерттеу жүргізді
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының профессоры Қалқаман Жұмағұлов Германия, Италия және Ватиканға жасалған ғылыми іссапардан оралды. Ғалым Ғұн империясы, Авар қағанаты және Алтын Орда тарихына қатысты латын тіліндегі сирек тарихи дереккөздерді анықтау және талдау бағытында ауқымды зерттеу жұмысын жүргізді.
Ғылыми сапар барысында профессор Ватикандағы Biblioteca Apostolica Vaticana мен Рим қаласындағы La Sapienza Università di Roma университетінде орта ғасырлар кезеңіндегі Батыс пен Орталық Азиядағы түркі әлемі арасындағы өзара қарым-қатынастарға қатысты латын тіліндегі бірегей тарихи дереккөздерді іздестіру және аудару жұмыстарын жалғастырды. Атап айтқанда XIII ғасырдағы Рим папаларының Ұлы моңғол хандарына, Алтын Орда хандарына, сондай-ақ Парсы аумағы мен Кіші Азия өңірлеріндегі илхан билеушілеріне жолдаған хаттары ерекше ғылыми маңызға ие.

Ватикан архивтерінде анықталған Орталық Азия және Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысты аса құнды жазба ескерткіштердің қатарына еуропалық саяхатшылар мен миссионерлердің латын тілінде жазылған жазбалары мен хроникалары жатады. Олардың қатарында: Elogio Storico alle Gesta del Beato Odorico dell’Ordine de’ Minori Conventuali… Venezia, MDCCLXI; Andalio di Savignone; Senatsprotokolle Venedig, 1338 XII 22 және басқа да деректер бар.

Сондай-ақ профессор Ватиканның бай қорларында қыпшақтардың көне тайпалық бірлестігіне қатысты көптеген мәліметтерді зерттеді. Қыпшақтардың өз мемлекеттілігі болған және ол Дешті Қыпшақ (парсыша dašt-i qipčāq) деп аталған. Ватикан дереккөздерінде бұл бірлестік Qybçaq, Kipschak, Khanat Kiptschak, Kumanien, Cumania сияқты әртүрлі атаулармен кездеседі. Итальяндық саяхатшылар Орталық Азия мен Қыпшақ қағанаты арқылы өтетін жолдарды сипаттап көрсеткен. Бұл ретте «қағанат» ұғымы «мемлекет» түсінігімен толық сәйкес келеді.

Қазақстан, Италия, Ватикан және Германия арасындағы ғылыми және мәдени байланыстарды дамыту мақсатында профессор Қ.Жұмағұлов Римдегі La Sapienza Università di Roma және Мюнстер университетінде баяндама жасап, профессорлар, ғылыми қызметкерлер және студенттермен кездесулер өткізді.
Ғылыми сапар аясында профессор Қалқаман Жұмағұлов Италия астанасы Рим қаласында 2025 жылдың қазан айында ашылған Абай Құнанбаевтың ескерткішіне тағзым етті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар